«Bolashak Charity» қоғамдық қоры Қарағанды тамақтандыру және сервис колледжінде «Кондитерлік іс» бағыты бойынша Оқу-өндірістік комбинатты (ОӨК) ашты. Оқу-өндірістік комбинат — ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен ересектерді кәсіби оқытуға, практикалық дағдыларын дамытуға, әлеуметтендіруге және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуге бағытталған әлеуметтік жоба. Жобаның мақсаты — ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдерге кәсіби білім алу, әлеуметтену және еңбекке араласу мүмкіндіктерін ұсыну.
Бағдарламаға 12–18 жас аралығындағы жасөспірімдер және даму ерекшеліктері бар ересектер қатысады: аутизм спектрі бұзылыстары, жеңіл және орташа дәрежедегі ақыл-ой кемістігі, психикалық дамудың тежелуі, Даун синдромы, нейросенсорлық кереңдік, НЖГС. Жоба 2024 жылы Астана қаласында басталды.
Қарағанды қаласындағы ОӨК 2025 жылғы желтоқсанда ашылды. Мұнда 14–22 жас аралығындағы аутизмі бар, Даун синдромы бар, есту қабілетінде сенсорлық бұзылыстары бар, СДВГ-мен қатар жүретін органикалық бұзылыстары бар 10 жасөспірім мен жас білім алуда. Оқу мерзімі — 6 ай. Курсты аяқтағаннан кейін білім алушылар мемлекеттік үлгідегі куәлік алады.
Ашық сабаққа ОӨК оқушылары, ата-аналар, мамандар, «Bolashak Charity» ҚҚ өкілдері және журналистер қатысты. Іс-шара барысында курс қатысушылары өздерінің практикалық дағдыларын көрсетті. Қонақтар оқу үдерісін ішінен көріп, тәлімгерлермен тілдесіп, қатысушылардың кәсіби даярлық нәтижелерімен танысты.
«Оқу-өндірістік комбинат жобасы ерекше жасөспірімдердің ата-аналарының мектептен кейін білім алуды жалғастыру қажеттілігі туралы сұранысына жауап ретінде құрылды. ОӨК даму ерекшеліктері бар оқушылар үшін, сондай-ақ әртүрлі себептермен оқуын жалғастырмаған жастар үшін мектеп пен колледж арасындағы аралық буынға айналды. Жасөспірімдер мектеппен қатар ОӨК-ке қатысып, кәсіби дағдыларды меңгере алады, әлеуметтенеді, командада жұмыс істеуді үйренеді және алғашқы мамандығын алады. Оқу қорытындысы бойынша мемлекеттік үлгідегі куәлік беріледі. Қор тағылымдамаларды ұйымдастыруға және мүмкіндігінше жұмысқа орналастыруға да жәрдемдеседі. Жоба өзінің тұрақтылығы мен сұранысқа ие екенін көрсетіп отыр, сондықтан біз оны өңірлерде кеңейту және инклюзивті жұмыспен қамтуды дамыту үшін серіктестер мен демеушілерді тарту жұмыстарын жалғастырамыз»,
Самал Албилекова, «Bolashak Charity» ҚҚ әлеуметтік және инклюзивті бағдарламалар жетекшісі.
«Біздің қорымен жолымыз Қарағандыда инклюзияны қолдау кабинеті ашылған сәттен басталды — сол кезде Ералы үйден оқытудан жалпы білім беретін мектепке ауысты. Алғашқы жылдар оңай болған жоқ, бірақ педагог-ассистенттердің қолдауының арқасында ол біртіндеп бейімделіп, әлеуметтенді. Бүгінде ол — Техникалық-құрылыс колледжінің бірінші курс студенті. ОӨК-де Ералы аспаздық бойынша кәсіби дағдыларды меңгеруде. Үйренгенінің барлығын үйде қолданады — жуырда зімбір печеньесін пісіріп, мұғалімдері мен сыныптастарын сыйлады. Ол үшін өз қолымен бір нәрсе жасай алатынын сезіну маңызды. Мұндай жобалар аутизмі бар жасөспірімдерге тек мамандық қана емес, өз болашағына деген сенімділік береді. Ералы қазірдің өзінде аспаз болғысы келетінін айтып, жоспар құруда»,
Саида Ермағамбетқызы, 18 жастағы ОӨК оқушысы Ералының анасы.
Қазіргі уақытта ОӨК Астана, Қарағанды және Орал қалаларында жұмыс істейді. Кәсіби оқытумен зияткерлік даму ерекшеліктері бар 100-ден астам жасөспірім мен ересек қамтылған. 2024 жылдан бері ОӨК-тің 20 түлегі колледждерге оқуға түсті, 12 түлек тағылымдамадан өтті, 3 адам жұмысқа орналасты. Жоба жергілікті атқарушы органдар мен бизнес қолдауымен жүзеге асырылуда.
«Bolashak Charity» қоғамдық қорына — 15 жыл
«Bolashak Charity» қоғамдық қоры 2011 жылдан бері дарынды жастарды қолдау және аутизмі мен басқа да менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзивті білім беруді дамыту бағдарламаларын жүзеге асырып келеді.
Қор Қазақстан бойынша 90-нан астам мамандандырылған оңалту мекемелері мен кабинеттерді ашып, жабдықтады, оның ішінде 24 қалада 79 инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді. Жоба аясында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 2 000-нан астам бала қамтылды, олардың 1 000-нан астамы үйден оқытудан шығарылды.
Инклюзивті білім беру саласында 600 жаңа мамандандырылған жұмыс орны құрылды. 4 500 маман мен ата-ана инклюзивті білім беру және қолданбалы мінез-құлық талдауы бойынша оқудан өтті. Балалар үйлеріндегі 2,5 мыңнан астам бала қордың шығармашылық бағдарламаларына қатысты.
Қордың инклюзияны қолдау кабинеттері Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамыту бойынша эксперименттік алаңдар желісіне енгізілген. Ел бойынша Қор үлгісі негізінде 1 500 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды.
Инклюзивті білім беруді дамыту бөлігінде заңнамалық актілерге 120-дан астам сапалы ұсыныс пен түзету енгізілді. Қор ҚР Парламенті Сенаты, «AMANAT» партиясы және министрліктер жанындағы инклюзия мәселелері бойынша жұмыс топтарының құрамына кіреді.
Қор педагог-ассистенттерге арналған «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытудағы мінез-құлық технологиялары: диагностика, оқыту және қолдау стратегиялары» атты оқу курсын әзірлеп, іске қосты. Бүгінгі күні Қазақстанның және Орталық Азия елдерінің 17-ден астам өңірінен 4 000-нан астам маман оқытылды.

26 маусым күні Орал қаласында «Сервис» технологиялық колледжінің базасында менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен жастарға арналған...

Астана қаласының Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінде менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен жастарға арналған кәсіби оқытудың...

Қарағандыда «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен жастарға арналған оқу-өндірістік комбинаттар (ОӨК)» жобасының түлектеріне мемлекеттік үлгідегі...