Атырауда ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастардың кәсіби оқудағы алғашқы нәтижелері көрсетілді

Атырауда «Дағдыдан дербестікке» атты іс-шарада өңірдегі алғашқы оқу-өндірістік комбинаттың (ОӨК) аралық нәтижелері таныстырылды. Қонақтар ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен жастардың бес айда меңгерген кәсіби дағдыларымен танысып, олардың жетістіктерін ата-аналармен және мамандармен бірге талқылады.

«Bolashak Charity» қоғамдық қоры «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жобаны 2026 жылғы мамырда іске қосты. «Сервис» колледжінің базасында жұмыс істейтін ОӨК-те қазір 15–28 жас аралығындағы 28 қатысушы «Кондитер», «Наубайшы» және «Тігін ісі» бағыттары бойынша білім алуда. Олардың қатарында аутизмі, Даун синдромы, психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі, зияткерлік және мінез-құлық ерекшеліктері бар жастар бар.

Оқу 2027 жылғы ақпанға дейін жалғасады. Бағдарламаны аяқтаған қатысушыларға мемлекеттік үлгідегі куәлік беріледі.

Іс-шараға қатысушылар мен олардың ата-аналары, «Bolashak Charity» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан, қордың мінез-құлық бағдарламаларының кураторы Екатерина Таженова, «Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен және қоғаммен байланыс бөлімі бас менеджерінің кеңесшісі Хэймиш Полс, әдістемелік орталықтың бөлім басшысы Гүлжанар Кубиева, қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың (ПМПК) басшылары, «Асыл Ана» кондитерлік желісінің директор орынбасары Гүлвира Шариполлаева және басқа да қонақтар қатысты.

Қонақтар үш бағыт бойынша практикалық сабақтарды көріп, сенсорлық бөлменің жұмысымен танысты. Педагогтер мен мінез-құлық талдаушысы жастардың қандай тапсырмаларды өз бетінше орындай бастағанын және қай тұста әлі де қолдау қажет екенін түсіндірді.

Кәсіби дағдымен бірге дербестік те қалыптасады

Сабақтар аптасына екі рет колледждің кәсіби жабдықталған шеберханаларында өтеді. Қатысушылар алдымен жекелеген әрекеттерді маманның көмегімен меңгереді. Кейін тапсырмаларды ретімен орындауға, жұмыс орнын ұйымдастыруға және қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, өз бетінше жұмыс істеуге үйренеді.

Өндірістік оқыту шеберлері, педагог-ассистенттер мен мінез-құлық талдаушысы әр қатысушының қажеттілігіне қарай қолдау көрсетеді. Бұл көмек нұсқауларды түсінуді, зейінді тапсырмаға шоғырландыруды, мінез-құлықты реттеуді және сенсорлық жүктемені ескеруді қамтиды. Дағдылар қалыптасқан сайын мамандардың көмегі біртіндеп азаяды.

«Бес айдағы маңызды нәтиже — жастардың жаңа дағдыларды меңгеріп, өз күшіне сенімді бола бастауы. Бұрын әр қадамда көмек қажет болған қатысушының бүгін тапсырманы түсініп, жұмысты ретімен орындап, бастаған ісін аяқтауы — үлкен жетістік. Біз үшін олардың дайын өнімін көрумен қатар, сол нәтижеге қалай жеткені де маңызды: өз бетінше шешім қабылдауы, қажет кезде көмек сұрауы, топпен жұмыс істеуі. Осындай тәжірибе дербестіктің негізін қалайды. Әр жастың үйрену қарқыны әртүрлі, сондықтан міндетіміз — қажетті қолдауды ұсынып, қабілетін ашуға мүмкіндік беру. Ал меңгерген дағдыларын тағылымдамада сынап көру — әрі қарай білім алуға және болашақта жұмыс істеуге дайындықтың келесі қадамы», — деді «Bolashak Charity» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.

Алғашқы тағылымдама тәжірибесі

«Кондитер» бағытының екі қатысушысы — Марс Марсен мен Сатыбалды Әділхан — Take the Cake Studio-да тағылымдамадан өтіп жүр. Олар өндірістегі жұмыс тәртібімен танысып, практикалық тапсырмалар орындайды, технологиялық талаптарды сақтауға және әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеуге дағдыланады.

Тағылымдама оқу кезінде меңгерген дағдыларды нақты жұмыс жағдайында қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мамандарға қатысушының қай тапсырманы өз бетінше орындай алатынын және қандай қолдау қажет екенін бағалауға көмектеседі. Қор басқа бағыттардағы, соның ішінде тігін ісі бойынша білім алып жатқан жастар үшін де тағылымдама мүмкіндіктерін қарастыруда.

Жоба туралы

«Оқу-өндірістік комбинаттар» — «Bolashak Charity» қоғамдық қорының ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен жастарға мамандық таңдауға, практикалық дағдыларын және дербестігін дамытуға көмектесетін әлеуметтік жобасы. Бағдарлама оларды әрі қарай білім алуға, тағылымдамадан өтуге және жұмысқа орналасуға дайындайды.

Қатысушылар үшін оқу тегін. Қор серіктестердің қолдауымен шеберлер мен мамандардың еңбекақысын және ұйымдастыру шығындарын қаржыландырады. Колледждер оқу шеберханалары мен кәсіби жабдықтарын ұсынады.

Жоба 2024 жылдан бері Астана, Қарағанды, Орал және Атырау қалаларында жүзеге асырылып келеді. Ақтөбеде де жоба іске қосылуда.

2024–2026 жылдары жеті оқу легі ұйымдастырылып, барлығы 143 қатысушы қамтылды. Олардың 34-і оқуын жалғастырып жатыр, 31-і тағылымдамадан өтті, 10 түлек жұмысқа орналасты.

II Республикалық UNI FOOTBALL LEAGUE турнирі

Аутизмі, Даун синдромы, ДЦП және басқа да даму ерекшеліктері бар 90-ға жуық бала бір футбол алаңында бас қосты. Үш жыл ішінде қазақстандық UNI FOOTBALL LEAGUE жобасы республикалық футбол жүйесіне айналып, беделді халықаралық UEFA Grassroots Awards 2025/26 сыйлығының қола жүлдесіне ие болды.

Астана, 24 қазан 2026 жыл. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Орталық стадионда Қазақстанның он қаласынан жас футболшыларды біріктірген II Республикалық UNI FOOTBALL LEAGUE турнирі өтті. Алаңға Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Петропавл, Семей, Тараз, Өскемен және Шымкент командалары шықты.

Бір күн ішінде 20 футбол матчы өтті. Алайда турнирдің басты нәтижесі соғылған голдар емес, әр баланың өзін нағыз футбол командасының бір бөлігі ретінде сезіну мүмкіндігі болды. Бұл жерде жеңілгендер болған жоқ — әр жас футболшы лайықты медальмен марапатталды.

Мемлекеттік бағыттан — балалар үшін нақты мүмкіндіктерге

Балалар спортын дамыту және ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау — Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды бағыттарының бірі.

Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің барлық өңірінде футболды дамыту, балаларға арналған футбол алаңдарын көбейту және ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесін кеңейту қажеттігін атап өтті.

UNI FOOTBALL LEAGUE бұл міндеттердің қоғамдық ұйымдар, мемлекет, футбол қауымдастығы мен бизнестің ынтымақтастығы арқылы іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынын көрсетеді. Жоба бір реттік қайырымдылық іс-шараларымен шектелмейді. Оның негізінде тұрақты жаттығулар, жаттықтырушылардың кәсіби даярлығы және даму ерекшеліктері бар балалардың қатарластарымен тең дәрежеде жүйелі түрде футболмен айналысуына жағдай жасау жатыр.

Қазақстандық жоба UEFA үздік бастамаларының қатарына енді

2026 жылы UNI FOOTBALL LEAGUE UEFA Grassroots Awards 2025/26 халықаралық сыйлығының Best Disability Initiative («Мүгедектігі бар адамдарға арналған үздік бастама») санатында қола жүлдеге ие болды.

UEFA сыйлығы футболды қолжетімді ететін, кедергілерді азайтатын және мүгедектігі бар адамдардың спорт өміріне қатысуына мүмкіндік беретін жобаларды атап өтеді. Халықаралық мойындау 2023 жылы басталған қазақстандық бастама үшін маңызды жетістік болды.

«Біздің мақсатымыз — Қазақстанның кез келген қаласында аутизмі, Даун синдромы немесе ДЦП-сы бар баланың өз қатарластары сияқты футболмен айналысуына мүмкіндік беру. Жылына бір рет қайырымдылық іс-шара ретінде емес, әр апта сайын, нағыз командада, кәсіби жаттықтырушымен бірге ойнау.

Үш жыл ішінде біз бүгінде Қазақстанның тоғыз қаласында жұмыс істейтін жүйе құрдық. Балаларымыз тұрақты жаттығады, жолдастық матчтарға қатысады, кәсіби футболшылармен кездеседі. Біз жай ғана спорт секцияларын емес, әр бала өз әлеуетін аша алатын толыққанды футбол ортасын дамытып келеміз. UEFA Grassroots Awards қола жүлдесі қазақстандық инклюзивті футболды дамыту моделінің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді. Бірақ біз үшін ең үлкен жеңіс — әр жаттығуды асыға күтетін, достар тауып, өз күшіне сене бастаған балалар», — деді «Bolashak Charity» ҚҚ Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.

«UNI FOOTBALL LEAGUE — Қорымыздың басым жобаларының бірі және біз оны қолдау мүмкіндігіне ие болғанымызды мақтан тұтамыз. Жоба БҰҰ-ның тұрақты дамуының бірден екі мақсатына — теңсіздікті азайтуға және халық денсаулығын нығайтуға сәйкес келеді. Тұрақты жаттығулар мен жаттықтырушыларды даярлау даму ерекшеліктері бар балаларға қатарластарымен тең дәрежеде футболмен айналысуға мүмкіндік береді. Біз үшін бұл — бизнестің қоғамдық мәселелерді шешуге нақты үлес қосып, адамдардың қажеттіліктеріне жауап беруінің үлгісі», — деді жобаның бас демеушісі Freedom Шапағат корпоративтік қорының президенті Баглана Мусина.

«UNI FOOTBALL LEAGUE аутизм мен Даун синдромы футболға кедергі емес екенін дәлелдейді. Біздің балалар күрделі тактикалық тапсырмаларды түсіне алады, координациялық жаттығуларды орындайды және команданың толыққанды мүшесі бола алады. Әр жаттығу сайын олар өзіне сенімді бола түсіп, әлеуетін ашады және мүмкіндіктерінің біз ойлағаннан әлдеқайда кең екенін көрсетеді. Біздің мақсатымыз — балаларды тек футбол ойнауға үйрету емес, диагноз олардың мүмкіндігін анықтамайтынын көрсету», — деді UNI FOOTBALL LEAGUE лигасының жетекшісі Шыңғыс Темерханов.

9 қала, 120 бала және бір жылда 682 жаттығу

Бүгінде UNI FOOTBALL LEAGUE Қазақстанның тоғыз қаласын қамтиды. Жобаға 120 бала мен жасөспірім қатысады. Олар аптасына екі рет білікті жаттықтырушылардың, соның ішінде UEFA B, C және D санатындағы мамандардың жетекшілігімен футболмен айналысады. Соңғы бір жылдың өзінде өңірлерде 682 жаттығу өткізілді.

Лиганың дамуындағы маңызды бағыттардың бірі — толыққанды ойын тәжірибесі. Астана, Семей және Өскемен командаларының қатысуымен өңіраралық жолдастық матчтар өтті. Оларға 40 жас футболшы қатысты.

Инклюзивті футболды дамытуға кәсіби клубтар да қосылып келеді. «Қызылжар» ФК және «Атырау» ФК ойыншылары жоба қатысушыларына шеберлік сабақтарын өткізді. «Қызылжар» ФК-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Жаттықтырушылар құрамын даярлауға да ерекше көңіл бөлінеді. 2026 жылы UNI FOOTBALL LEAGUE мамандары бейімделген дене шынықтыру, балалардың эмоциялық жағдайын басқару, Child Protection және алғашқы көмек көрсету бойынша екі күндік республикалық тренинг-семинардан өтті.

Балалардың өмірін өзгертетін футбол

UNI FOOTBALL LEAGUE қатысушылары үшін футбол — тек дене белсенділігі емес. Тұрақты жаттығулар координацияны, зейінді, коммуникациялық дағдыларды, дербестікті және командада әрекет ету қабілетін дамытуға көмектеседі. Сонымен қатар жаттықтырушылар мен ата-аналар балалардың эмоциялық жағдайындағы өзгерістерді де атап өтеді.

«Биыл жаттығуларға моторика, координация және зейінді дамытуға арналған көбірек жаттығулар қостым. Біздің балалар үшін футбол тек физикалық дағдыларды ғана емес, зейінді шоғырландыруды, реакцияны, өз қимылдарын бақылауды да дамытуы маңызды. Біз жақсы нәтижелерді көріп отырмыз, мұны ата-аналар да байқайды. Мен үшін ең құндысы — балалардың жаттығуға деген ықыласы: біз аптасына екі рет кездесеміз, ал келесі кездесуде олар бізді көптен көрмегендей жүгіріп қарсы алады. Бала сені жақын адамындай шын жүректен қуана қарсы алғанда, бұл жаттығулардың оның өмірінде қаншалықты маңызды орын алғанын түсінесің», — деді Тараз қаласындағы UNI FOOTBALL LEAGUE командасының жаттықтырушысы Игорь Светачев.

Атыраулық 14 жастағы Айбын үшін UNI FOOTBALL LEAGUE жобасына қатысу бала кезінен армандаған футболмен айналысуға мүмкіндік берді.

«Айбын бала кезінен футболды қатты жақсы көретін және басқа балалар сияқты ойнауды армандайтын. Біз әртүрлі секцияларға жүгіндік, бірақ оның ерекшеліктеріне байланысты бізге жиі бас тартатын. Жаттықтырушы алғаш рет қоңырау шалып, Айбынның жаттығуға қатыса алатынын айтқанда, бұл біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш болды. Қазір ол жаттығуға үлкен ықыласпен барады, бар күшін салады және әр ойынды асыға күтеді. Өткен жылғы Астанадағы турнирден кейін ол сол күнді ұзақ уақыт бойы есіне алып, үнемі айтып жүрді. Мен үшін ең маңыздысы — оның алаңға шығып, өзін команданың бір бөлігі ретінде сезініп, өз күшіне сенгенін көру. Балаларымыздың шектеулеріне емес, мүмкіндіктеріне қарап, сүйікті ісімен айналысуына жағдай жасап отырған Bolashak Charity қорына, жаттықтырушыларға және осы іске атсалысқан барша жанға алғыс айтамын», — деді UNI FOOTBALL LEAGUE қатысушысы Айбын Мақсотовтың анасы Динара.

20 матч және ортақ бір жеңіс

II Республикалық турнир 6+1 форматында өтті. Әр команда ұзақтығы 15 минуттан төрт матч өткізді. Жалпы іс-шараға Лига қатысушылары, ата-аналар, жаттықтырушылар, серіктестер, демеушілер, БАҚ және қоғам өкілдерін қоса алғанда 200-ден астам адам қатысты. UNI FOOTBALL LEAGUE философиясына сәйкес командалар жүлделі орындарға бөлінген жоқ. Барлық жас футболшылар медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Турнир UEFA, Астана қаласының әкімдігі, Израильдің Қазақстандағы Елшілігі, Aman Global Logistic, «Арзан Alem», ANTA компаниялары және басқа серіктестердің демеушілік қолдауымен өтті.

UNI FOOTBALL LEAGUE жобасы туралы

UNI FOOTBALL LEAGUE — 2023 жылдан бері «Bolashak Charity» қоғамдық қоры мен Қазақстан футбол федерациясы бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан әлеуметтік жоба. Жоба Freedom Holding Corp. компаниясының Freedom Шапағат корпоративтік қоры арқылы көрсететін демеушілік қолдауымен, сондай-ақ Астана қаласының әкімдігі мен Испания Корольдігінің Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылады.

Жоба инклюзивті футболды дамытуға, даму ерекшеліктері бар балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтендіруге және спортпен айналысу үшін тең мүмкіндік жасауға бағытталған. 2026 жылы жоба UEFA Grassroots Awards 2025/26 сыйлығының Best Disability Initiative санатында қола жүлдеге ие болды.

81-ші инклюзияны қолдау кабинеті: Bolashak Charity және Yandex Qazaqstan ерекше балалардың білім алуына жағдай жасауда

25 тамызда Қорғалжын ауылындағы Ақтан Төлеубаев атындағы жалпы білім беретін мектепте «Bolashak Charity» қоғамдық қорының «Әр бала мектепке баруға лайық» жобасы аясында жаңа инклюзияны қолдау кабинеті ашылды. Бұл 2015 жылы жоба іске қосылғаннан бері Қор Қазақстанда ашқан 81-ші кабинет болды.

Жаңа кабинет ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге арналған және олардың білім алуына, дамуына, әлеуметтенуіне және мектеп өміріне толыққанды қатысуына қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді. Кабинетті жабдықтау Yandex Qazaqstan компаниясының «Бірге көмектесеміз» жобасы аясында Яндекс Go пайдаланушылары жасаған қайырымдылық аударымдарының арқасында мүмкін болды. Компания пайдаланушылар жинаған қаражат көлемін өз есебінен екі есеге арттырды.

Ақтан Төлеубаев атындағы мектепте 200 бала білім алады, оның ішінде 21 бала — ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар. Жаңа оқу жылында кабинеттегі сабақтарға шамамен 10 оқушы қатысады. Балалармен психолог, логопед және дефектолог жұмыс істейді.

Кабинет түзету-дамыту және білім беру жұмыстарын жүргізуге қажетті материалдармен және жабдықтармен қамтылған. Кеңістік төрт функционалдық аймаққа бөлінген: жеке сабақтар өткізуге арналған аймақ, топтық жұмыс аймағы, демалу және сенсорлық жүктемені азайту аймағы, сондай-ақ жоба кураторының жұмыс аймағы. Бұл мамандарға әр баланың қажеттіліктерін ескере отырып, оны жалпы білім беру үдерісінен ажыратпай, жеке қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Кабинеттің ашылуы балаларға қажетті қолдауды тікелей мектеп қабырғасында алуға, оқу бағдарламасын қолайлы жағдайда меңгеруге, әлеуметтік және коммуникативтік дағдыларын дамытуға және біртіндеп дербестігін арттыруға мүмкіндік береді.

2015 жылдан бері «Bolashak Charity» қоғамдық қоры Қазақстанның 24 қаласында 81 инклюзияны қолдау кабинетін ашты. Қордың кабинеттері Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамыту жөніндегі эксперименттік алаңдар желісіне кіреді. Қор әзірлеп, тәжірибеде сынақтан өткізген модель кеңінен таралды: бүгінде елімізде осыған ұқсас қағидат бойынша құрылған 1 500-ден астам инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді.

Анықтама үшін

«Бірге көмектесеміз» қайырымдылық тетігі Яндекс Go сервисінде 2025 жылдың желтоқсанында іске қосылды және пайдаланушыларға Қазақстандағы балалардың білім алуына тұрақты түрде қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. «Бірге көмектесеміз» бөлімінде пайдаланушы қайырымдылық сомасын — 10 теңгеден 1000 теңгеге дейін таңдайды. Осыдан кейін таңдалған сома банк картасымен төлем жасаған кезде Такси және Жеткізу сервистеріндегі әр тапсырыстың құнына автоматты түрде қосылады. Yandex Qazaqstan жиналған қаражат көлемін өз есебінен екі есеге арттырады. Жиналған қаражат «КАМЕДА» қоғамдық қорына аударылады, ал қор қайырымдылық қаражатын «Bolashak Charity» қоғамдық қорына және тағы екі қорға бағыттайды.

Оралда менталдық даму ерекшеліктері бар 10 түлек кәсіби оқудан өткені туралы куәлік алды

26 маусым күні Орал қаласында «Сервис» технологиялық колледжінің базасында менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен жастарға арналған Оқу-өндірістік комбинатының (ОӨК) түлектеріне мемлекеттік үлгідегі куәліктерді табыстау рәсімі өтті.

ОӨК аясында «Киім және аксессуарлар декораторы» бағыты бойынша 14 пен 19 жас аралығындағы аутизмі, жеңіл дәрежедегі зияткерлік бұзылыстары және басқа да менталдық ерекшеліктері бар 10 жасөспірім білім алды. Оқу 6 ай бойы жүргізілді.

Жобаның мақсаты — ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен жастарға кәсіби білім алу, әлеуметтену және одан әрі жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін ұсыну. Бағдарламаға 14 жастан бастап жасөспірімдер, сондай-ақ даму ерекшеліктері бар жастар, оның ішінде аутизм спектрінің бұзылыстары, жеңіл және орташа дәрежедегі зияткерлік бұзылыстары, психикалық дамуының тежелуі, Даун синдромы, СДВГ және басқа да ерекшеліктері бар қатысушылар қатысады.

ОӨК аясындағы оқу 8–10 адамнан тұратын шағын топтарда ұйымдастырылады. Курстың ұзақтығы таңдалған дайындық бағытына байланысты 6 айдан 9 айға дейін созылады. Оқу процесі тәжірибеге бағытталған сипатта өтеді: сабақтар колледж базасында, оқу шеберханалары мен кәсіби жабдықтарды пайдалана отырып жүргізіледі. Қатысушыларды өндірістік оқыту шеберлері, қолданбалы мінез-құлық талдауы мамандары және тьюторлардан құралған пәнаралық команда сүйемелдейді. Оқу барысында визуалды кестелер, чек-парақтар, қадамдық нұсқаулықтар және құрылымдалған сабақ режимі қолданылады. Бұл оқытудың тұрақтылығын арттыруға және қатысушылардың алаңдаушылық деңгейін төмендетуге көмектеседі.

Бүгінде жобаның географиясы Астана, Қарағанды, Орал және Атырау қалаларын қамтиды. 2024 жылдан бері ОӨК аясындағы оқумен 133 қатысушы қамтылды. Оның ішінде 14 жасөспірім түрлі ұйымдарда тағылымдамадан өтті, 5 қатысушы жұмысқа орналасты, ал 29 қатысушы колледждерге оқуға түсті.

Іс-шараға ОӨК оқушылары, ата-аналар, мамандар, сондай-ақ журналистер қатысты.

Айгүл Бозбаева, түлектің анасы:

— Біз үшін бұл — әлеуметтенуге, қоғамға араласуға берілген тағы бір мүмкіндік. Себебі біздің балаларымыз көбіне өзімен-өзі қалып қояды. Әрине, біз отбасымызда өз күшімізбен балаларымызды қоғамға бейімдеуге тырысамыз, бірақ олар үшін қиындықтар өте көп. Бұл жоба бізге балаларымыздың әлеуетін көрсетуге, оны ашуға мүмкіндік берді.

Астанада менталдық даму ерекшеліктері бар алғашқы студенттер колледжде кәсіби оқуды аяқтады

Астана қаласының Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінде менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен жастарға арналған кәсіби оқытудың мамандандырылған топтарының алғашқы түлектеріне диплом табыстау салтанатты рәсімі өтті.

Мамандандырылған топтар 2024 жылы Астана қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша және «Bolashak Charity» қоғамдық қорының бастамасымен ашылды. Бұл Қазақстанда менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдерге арналған колледж базасында кәсіби оқытудың мамандандырылған топтарын ашудың алғашқы тәжірибесі.

Оқыту екі бағыт бойынша жүргізілді: «Кондитер ісі» және «Тігін ісі». Жоба ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастарды әлеуметтендіруге, олардың мамандық меңгеруіне, дербестігін дамытуына және одан әрі жұмысқа орналасуына бағытталған.

Астана қаласының Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің мамандандырылған топтарында аутизмі, Аспергер синдромы, зияткерлік және сөйлеу бұзылыстары бар 20 студент білім алды. Олардың 9-ы «Bolashak Charity» ҚҚ одан әрі кәсіби оқуға дайындық кезеңі ретінде іске асырып отырған «Оқу-өндірістік комбинаттар» жобасының түлектері.

Білім беру процесі білім алушылардың қажеттіліктерін ескере отырып бейімделді: қор оқу бағдарламасын бейімдеуді, педагог-ассистенттердің жұмысын, мамандар мен ата-аналардың сүйемелдеуін, сондай-ақ колледж педагогтерін оқытуды қамтамасыз етті. Оқу кезеңінде студенттер мемлекеттік стипендия алып, тегін тамақпен қамтамасыз етілді.

Жобаның ерекше нәтижелерінің бірі түлектердің кейінгі жұмысқа орналасуы болды. «Кондитер ісі» бағыты бойынша мамандандырылған топтың үш түлегі қазірдің өзінде «ТАТА» инклюзивті кондитерлік цехына жұмысқа орналасты. Жұмыс орнында оларды педагог-ассистенттер сүйемелдейді, ал қор мамандары қатысушыларға да, жұмыс берушіге де әдістемелік және мінез-құлықтық қолдау көрсетеді. Мұндай формат оқудан нақты еңбекке қауіпсіз өтуді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Bolashak Charity» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гапланның айтуынша, мамандандырылған топтардың ашылуы менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер үшін үздіксіз инклюзивті маршрутты дамытудағы маңызды қадам болды.

«Астана қаласы әкімінің қолдауының арқасында менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер колледжде кәсіби білім алып, сұранысқа ие мамандықты меңгеруге және дербес өмірге алғашқы қадам жасауға бірегей мүмкіндік алды. Қор үшін бұл жеке бір жоба емес, инклюзивті білім беру саласындағы 11 жылдық жүйелі жұмысымыздың заңды жалғасы. 2015 жылдан бастап біз ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдер білім алып, дамып, әлеуметтеніп, біртіндеп келесі кезеңге — кәсіби оқыту мен сүйемелденетін жұмысқа орналасуға өте алуы үшін жағдай жасап келеміз. Бүгінгі бітіру рәсімі мемлекет, колледждер, педагогтер, ата-аналар және қор тарапынан қолдау болған жағдайда мұндай маршруттың шын мәнінде жұмыс істейтінін көрсетеді. Сонымен бірге мынаны түсіну маңызды: оқуды аяқтағаннан кейін аутизмі және басқа да менталдық даму ерекшеліктері бар жастар әрі қарай даму, кәсіби практика және жұмысқа орналасу жолындағы сүйемелдеу үшін қолжетімді инфрақұрылымға әлі де мұқтаж», — деп атап өтті Динара Гаплан.

2025 жылы мамандандырылған топтар елорданың тағы екі колледжінде — Кәсіптік-техникалық колледжде және Технологиялық колледжде ашылды. Онда ерекше білім беру қажеттіліктері бар тағы 18 студент білім алуда. Осы колледждердегі білім беру процесінің тиімділігі үшін қор инклюзияны қолдау кабинеттерін жабдықтады.

Мамандандырылған топтар жобасы қордың оқу-өндірістік комбинаттарды дамыту жөніндегі қызметінің жалғасы болды. 2024 жылдан бастап ОӨК жобасы аясында Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінде Астанада ерекше білім беру қажеттіліктері бар 45 жасөспірім жұмысшы мамандықтары бойынша оқытылды.

Жалпы, 2024 жылдан бастап «Оқу-өндірістік комбинаттар» жобасы аясындағы оқытумен Астана, Қарағанды, Орал және Атырау қалаларында 133 қатысушы қамтылды. Олардың 14-і түрлі ұйымдарда тағылымдамадан өтті, 5 қатысушы жұмысқа орналасты, ал 29-ы колледждерге түсті.

Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, «Bolashak Charity» ҚҚ Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан, менталдық даму ерекшеліктері бар студенттер, ата-аналар және педагогтер қатысты.

Ата-аналар үшін мамандандырылған топтардың бітіру кеші менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдердің мамандық меңгеріп, практикалық дағдыларын дамытып, кәсіби ортада өз орнын таба алатынының маңызды дәлелі болды.

«Кондитер» тобының түлегі Таирдің анасы Жанар Кельменбетова былай деді:

«Бұл — бірегей мүмкіндік. Егер Bolashak Charity қоры болмағанда, біз қазір жеткен деңгейге жете алмас едік: бүгінде Таир “ТАТА” инклюзивті кондитерлік цехында жұмыс істейді. Колледжде оқыған уақытында Таир кондитер мамандығын меңгерді, түрлі өнімдерді пісіруді, кәсіби техникамен және жабдықпен жұмыс істеуді үйренді. Бірақ ең бастысы — ол анағұрлым дербес, жауапты және өзіне сенімді бола түсті. Біздің отбасымыз үшін бұл бітіру кеші — өте маңызды әрі толқынысты оқиға. Таир кондитер мамандығын алды, біз оның жетістігін шын жүректен мақтан тұтамыз. Біз педагогтерге, технологтар мен шеберлерге қолдауы, білімі, төзімі және балаларымызға деген сенімі үшін алғыс айтамыз. Бүгін біз оның жетістіктеріне қуанып, болашаққа үмітпен қараймыз».

«Bolashak Charity» қоғамдық қоры Астана қаласының әкімдігіне, Астана қаласының Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжіне, педагогтерге, ата-аналарға, мамандарға және жоба серіктестеріне инклюзивті кәсіби білім беруді дамытуға және менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен жастар үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.

Менталдық ерекшеліктері бар 10 түлек Қарағанды колледжінде кәсіби курстарды аяқтады

Қарағандыда «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен жастарға арналған оқу-өндірістік комбинаттар (ОӨК)» жобасының түлектеріне мемлекеттік үлгідегі куәліктерді табыстау рәсімі өтті. Аутизм, Даун синдромы, есту қабілетінің сенсорлық бұзылыстары, органикалық бұзылыстары және СДВГ бар 13 пен 19 жас аралығындағы 10 жасөспірім «Кондитерлік іс» бағыты бойынша оқуды сәтті аяқтады.

Бұл — Қарағандыда «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен жастарға арналған оқу-өндірістік комбинаттар» жобасы аясындағы алғашқы түлектер легі. Оқу 6 айға созылды. Осы уақыт ішінде қатысушылар қамырмен жұмыс істеу, кондитерлік өнімдер дайындау бойынша практикалық дағдыларды меңгеріп, аспаздық пен санитария негіздерін және басқа да маңызды бағыттарды үйренді.

Жоба 2024 жылдан бастап «Bolashak Charity» қоғамдық қоры тарапынан Астана қаласы әкімдігі мен «AMANAT» партиясының қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Жобаның географиясы Астана, Қарағанды, Орал және Атырау қалаларын қамтиды. Жалпы жоба аясында даму ерекшеліктері бар 130-дан астам жасөспірім мен жас оқудан өтті.

Жоба қатысушылардың әлеуметтік бейімделуіне, кәсіби білім алуына және одан әрі жұмысқа орналасуына ықпал етеді. Ол 7–11 сынып оқушылары мен ересектерге арналған колледждер базасында мамандандырылған кәсіби алаңдарды ашуды көздейді. Жобаның мақсаты — ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен жастарға кәсіби білім алу, әлеуметтену және кейіннен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін ұсыну.

ОӨК-де оқыту 8–10 адамнан тұратын шағын топтарда ұйымдастырылады. Курстың ұзақтығы таңдалған дайындық бағытына байланысты 6 айдан 9 айға дейін созылады. Оқу процесі практикалық бағытқа негізделген: сабақтар колледждер базасында, оқу шеберханалары мен кәсіби жабдықтарды пайдалана отырып өткізіледі. Қатысушыларды өндірістік оқыту шеберлері, қолданбалы мінез-құлық талдауы мамандары және тьюторлар кіретін пәнаралық команда сүйемелдейді. Оқу барысында визуалды кестелер, чек-парақтар, қадамдық нұсқаулықтар және сабақтардың құрылымдалған тәртібі қолданылады. Бұл оқытудың тұрақтылығын арттыруға және қатысушылардың алаңдаушылығын төмендетуге көмектеседі.

Іс-шараға ОӨК оқушылары, ата-аналар, мамандар, «Bolashak Charity» қоғамдық қорының өкілдері, қаланың әлеуметтік кәсіпкерлері, қор серіктестері, сондай-ақ журналистер қатысты.

«2015 жылдан бері біздің қор аутизмі және менталдық дамудың басқа да ерекшеліктері бар балалар үшін инклюзивті білім беруді дамыту бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Дәл сол жылы біз елімізде алғашқылардың бірі болып мектептер мен балабақшаларда инклюзияны қолдау кабинеттерін аштық. Уақыт өте келе біздің оқушыларымыз есейді, сол кезде алдымызда келесі маңызды мәселе — даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен ересектерді кәсіби оқыту міндеті тұрды. Осылайша 2024 жылы “Оқу-өндірістік комбинаттар” жобасы пайда болды.

Біз үшін инклюзияны тек елордада ғана емес, өңірлерде де жүйелі түрде дамыту маңызды. 2019 жылы біз Қарағандыда мектептер жанынан алғашқы инклюзияны қолдау кабинеттерін аштық. Бүгінде сол кабинеттердің түлектері де кәсіби дағдылар алу үшін ОӨК-ге келіп жатыр. Жалпы біз Қарағандыдағы 6 мектепте ИҚК аштық: №5 ЖББМ, №10 мектеп, “№33 мектеп – бөбекжай-бақша кешені” КММ, №48 ЖББМ, №82 мектеп және Әл-Фараби атындағы №102 мектеп-гимназия.

2024 жылы біздің қор Қарағандыда аутизмі, Даун синдромы және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға арналған алғашқы инклюзивті футбол секциясын ашты. Бүгінде онда 10 мен 18 жас аралығындағы 13 жасөспірім жаттығады. Біздің жобаларымыз өңірде әрі қарай да белсенді дамиды деп сенеміз және әлеуметтік кәсіпкерлер мен бизнесті менталдық даму ерекшеліктері бар адамдарды тағылымдамадан өткізу және жұмысқа орналастыру бағытында ынтымақтастыққа шақырамыз», — деп атап өтті «Bolashak Charity» қоғамдық қорының директоры Азамат Божақ.

ОӨК-дегі оқыту мінез-құлық аналитигі, мінез-құлық бағдарламаларының кураторы, психолог Сандуғаш Жарованың сүйемелдеуімен өтті:

«Практикалық оқытудың басында ОӨК-тің көптеген оқушылары тіпті базалық асүй-тұрмыстық әрекеттерді орындауда қиындықтарға тап болды: құрал-жабдықтарды сенімсіз қолданды, қарапайым әрекеттерді орындау және қауіпсіздік ережелерін сақтау кезінде үнемі қолдауды қажет етті. Оқу барысында біз айтарлықтай ілгерілеуді байқадық: балалар педагогтің бақылауымен асүй пышағын дұрыс ұстауды, қарапайым өнімдерді турауды, жұмыртқа жаруды, бұлғауышты пайдалануды, қамыр илеуді, тағам дайындау реттілігін сақтауды және өз жұмыс орнын жинауды үйренді. Ең маңыздысы, практикалық дағдылармен қатар олардың бойында сенімділік, нұсқаулықтарға мұқият қарау және дербестік артты. Біздің оқушыларымыз үшін бұл жай ғана аспаздық дағдылар емес — бұл неғұрлым тәуелсіз әрі қауіпсіз күнделікті өмірге жасалған қадам».

Қарағанды ОӨК түлегі, 19 жастағы Екатеринаның анасы Татьяна Смола былай деп атап өтті:

«Біз үшін бұл оқу өте маңызды кезең болды. Катя қамырдың әртүрлі түрлерімен: үгілмелі, ашытқылы, бисквитті және қатпарлы қамырмен жұмыс істеуді үйренді. Ол бәліш, ватрушка және басқа да өнімдерді дайындап көрді. Анасы ретінде мен үшін оның жаңа дағдыларды меңгеріп, өзіне деген сенімділігі мен іске қызығушылығы артып келе жатқанын көру өте құнды. Мен әрдайым қызымның жанында болып, оны қолдауға тырыстым, бірақ бүгінде оның көп нәрсені өзі жасай алатынын көріп отырмын. Біздің отбасымыз үшін бұл — үлкен қуаныш және оның дербестігіне жасалған маңызды қадам».

Іс-шара «Bogachi» компаниясы мен «Село Лесное» сауда маркасының қолдауымен өтті.

Атырауда менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен ересектерге арналған алғашқы Оқу-өндірістік комбинат ашылды

26 мамырда Атырауда «Сервис» колледжінің базасында даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен жастарға арналған алғашқы Оқу-өндірістік комбинаттың (ОӨК) салтанатты ашылуы өтті. Атыраудағы Оқу-өндірістік комбинат «Bolashak Charity» Қоғамдық қорының бастамасымен, «Теңізшевройл» компаниясының демеушілік қолдауымен ашылды. Жоба 2024 жылдан бері «Bolashak Charity» Қоғамдық қоры тарапынан «AMANAT» партиясы мен жергілікті әкімдіктердің қолдауымен жүзеге асырылып келеді.

ОӨК-де «Кондитер», «Наубайшы», «Тігін ісі» бағыттары бойынша аутизмі, Даун синдромы, психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі, зияткерлік және мінез-құлық ерекшеліктері бар 14 пен 30 жас аралығындағы 30 жас білім ала бастады. Оқу тұрмыстық, әлеуметтік және кәсіби дағдыларды дамытуға, дербестікті арттыруға және алдағы тағылымдамадан өтуге, колледжге түсуге және жұмысқа орналасуға дайындыққа бағытталған. Оқу 9 ай бойы жалғасады. Курсты аяқтағаннан кейін білім алушылар мемлекеттік үлгідегі куәліктер алады. Сондай-ақ ерекше оқушылардың тиімді білім алуына жағдай жасау үшін колледжде «Bolashak Charity» Қоғамдық қоры «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жабдықтаған сенсорлық демалыс кабинеті ашылды.

Атыраудағы ОӨК қатысушыларының көбі жалпы білім беретін және түзету мектептерінде оқиды, ал бір бөлігі үйде білім алады. Даму ерекшеліктеріне қарамастан, балалар шығармашылықта, спортта және әлеуметтік өмірде белсенділік танытып келеді. Олардың қызығушылықтары мен дағдыларының қатарында би, театр, вокал, футбол, жүзу, IT, модельдеу, қолөнер, аспаздық және актерлік шеберлік бар. Кейбір қатысушылар шығармашылық және спорттық конкурстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері болып табылады.

Оқу-өндірістік комбинат — ерекше қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен ересектерді кәсіби оқытуға, практикалық дағдыларын дамытуға, әлеуметтендіруге және жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге бағытталған әлеуметтік жоба. Жоба 2024 жылдан бері «Bolashak Charity» Қоғамдық қоры тарапынан жүзеге асырылып келеді. Бүгінде жобаның географиясы Астана, Қарағанды, Орал және Атырау қалаларын қамтиды. 2024 жылдан бері ОӨК аясындағы оқытумен барлығы 133 қатысушы қамтылды. Олардың ішінде 14 жасөспірім түрлі ұйымдарда тағылымдамадан өтті, 5 қатысушы жұмысқа орналасты, ал 29 қатысушы колледждерге оқуға түсті.

Жобаның мақсаты — ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен жастарға кәсіби білім алу, әлеуметтену және әрі қарай жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін ұсыну. Бағдарламаға 14 жастан бастап жасөспірімдер, сондай-ақ даму ерекшеліктері бар жастар, оның ішінде аутизм спектрінің бұзылыстары, жеңіл және орташа деңгейдегі зияткерлік бұзылыстары, психикалық дамудың тежелуі, Даун синдромы, ЗЖГБ және басқа да ерекшеліктері бар қатысушылар қатысады.

ОӨК-дегі оқу 8–10 адамнан тұратын шағын топтарда ұйымдастырылады. Курстың ұзақтығы таңдалған дайындық бағытына байланысты 6 айдан 9 айға дейін созылады. Оқу процесі практикалық бағытта жүргізіледі: сабақтар колледждердің базасында, оқу шеберханалары мен кәсіби жабдықтарды пайдалану арқылы өтеді. Қатысушыларды өндірістік оқыту шеберлері, қолданбалы мінез-құлық талдауы мамандары және тьюторлардан тұратын пәнаралық команда сүйемелдейді. Оқу барысында визуалды кестелер, чек-парақтар, қадамдық нұсқаулықтар және сабақтардың құрылымдалған режимі қолданылады, бұл оқытудың тұрақтылығын арттыруға және қатысушылардың мазасыздығын төмендетуге көмектеседі.

Іс-шараға ОӨК оқушылары, ата-аналар, «Bolashak Charity» Қоғамдық қорының, «Теңізшевройл» компаниясының, Атырау облысы Ішкі саясат басқармасының, «AMANAT» партиясы филиалының өкілдері, журналистер мен блогерлер қатысты.

«2015 жылдан бері біздің қор аутизмі және менталдық дамудың басқа да ерекшеліктері бар балаларға арналған инклюзивті білім беруді дамыту бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Сол кезде біз елдегі мектептер мен балабақшаларда алғашқы инклюзияны қолдау кабинеттерін аштық. Уақыт өте келе біздің оқушыларымыз есейді, және алдымызда келесі маңызды мәселе — даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен ересектерді кәсіби оқыту мәселесі тұрды. Осылайша 2024 жылы “Оқу-өндірістік комбинаттар” жобасы пайда болды.

Биыл көктемде Атырау облысының қоғамдық ұйымдарының өкілдері қордың қызметімен танысып, “Теңізшевройл” компаниясына демеушілік қолдау көрсету туралы өтінішпен жүгініп, Атырауда ОӨК ашуды ұсынды. Біз компанияға сенімі мен қолдауы үшін алғыс білдіреміз: осы қолдаудың арқасында бүгін даму ерекшеліктері бар тағы 30 жасөспірім мен ересек мамандыққа бастайтын жолын бастап отыр.

Біз үшін инклюзияны жүйелі түрде дамыту маңызды — тек елордада ғана емес, өңірлерде де. 2018 жылы біз Атырауда мектептердегі алғашқы инклюзияны қолдау кабинеттерін аштық, ал бүгінде сол кабинеттердің түлектері кәсіби дағдылар алу үшін ОӨК-ге келіп отыр. 2024 жылы біздің қор Атырауда аутизмі, Даун синдромы және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға арналған алғашқы инклюзивті футбол секциясын ашты, бүгінде онда 11 жасөспірім жаттығады. Біздің жобаларымыз өңірде әрі қарай да белсенді дамиды деп сенеміз және әлеуметтік кәсіпкерлер мен бизнесті менталдық даму ерекшеліктері бар адамдардың тағылымдамадан өтуі және жұмысқа орналасуы бағытында ынтымақтастыққа шақырамыз», — деді «Bolashak Charity» ҚҚ директоры Азамат Божақ.

“Теңізшевройл” үшін мұндай бастамаларды қолдау – инклюзивті қоғамды дамытуға қосылған маңызды үлес. Біз әр адамның сапалы білім алуға, лайықты еңбек етуге және қоғам өміріне толыққанды араласуға мүмкіндігі болуы тиіс деп сенеміз. Біз «Bolashak Charity» қорымен серіктестігімізді жоғары бағалаймыз және жоба қатысушыларына сәттілік, өз күшіне сенім және жаңа жетістіктер тілейміз”, - деді “Теңізшевройл” ЖШС Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Нұрмұхамед Қартабаев.

«Аталған бастамалардың жүзеге асуына партия тарапынан жүйелі қолдау көрсетіліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарға «AMANAT»  партиясы басшылығы ерекше назар аударып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастарға қолдау көрсету, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау бағытындағы жобалардың тиімді іске асуына үлес қосып келеді» - деп айтты Атырау облыстық мәслихат депутаты Фатима Тулеева.

«Bolashak Charity» Қоғамдық қоры 2018 жылдан бері Атырау облысында инклюзивті білім беруді жүйелі түрде дамытып келеді. Қордың өңірдегі алғашқы жобасы Мұрат Мөңкеұлы атындағы №6 жалпы орта мектепте Инклюзияны қолдау кабинетінің (ИКҚ) ашылуы болды. 2019–2021 жылдары қордың ИКҚ үлгісі бойынша жергілікті белсенділердің бастамасымен және бизнестің қолдауымен №3 мектеп-гимназиясында және №24 жалпы орта мектепте де ИКҚ ашылды. Қор үш инклюзияны қолдау кабинетіне әдістемелік кураторлық жүргізді, сондай-ақ өз қаражаты есебінен мамандарды оқытуды ұйымдастырды.

Атыраудағы жаңа «Оқу-өндірістік комбинат» жобасына қатысушылардың бір бөлігі — бұрын қор кураторлық еткен ИКҚ түлектері: Мұрат Мөңкеұлы атындағы №6 жалпы орта мектептен 5 адам, №24 жалпы орта мектептен 2 қатысушы және №3 мектеп-гимназиясынан 2 қатысушы.

«ОӨК жобасы даму ерекшеліктері бар жасөспірімдерге мектептен кейін оқуын жалғастыруға, үйде қалып қоймай, әлеуметтік ортаға қосылуға: қарым-қатынас жасауға, жаңа нәрселерді үйренуге, шығармашылықпен айналысуға және өз әлеуетін біртіндеп ашуға мүмкіндік береді. 8-сынып оқушылары үшін ОӨК-ге қатысу кәсіби сынаманың маңызды кезеңіне айналады. Бұл — алдағы уақытта оқуға түсу кезінде қандай қиындықтар туындауы мүмкін екенін алдын ала түсінуге, баланың мықты жақтарын көруге, қызығушылықтарын бағалауға және колледжді немесе өзіне қолайлы басқа саланы саналы түрде таңдауға дайындалуға мүмкіндік.

Инклюзияны қолдау кабинеттері мен оқу-өндірістік комбинаттар арасында сабақтастықтың қалыптасуы ерекше маңызды. Біз ИКҚ-дегі оқыту көптеген балалар үшін кейін мамандықты меңгерудің іргетасына айналғанын көріп отырмыз. Ол жерде олар табысты оқуға қажетті базалық дағдыларды алды: топта жұмыс істеу, күту, фронтальды нұсқауларды орындау, педагогтармен және құрдастарымен өзара әрекеттесу. Мұның бәрі — өмірлік маңызды дағдылар, оларсыз кәсіби оқыту әлдеқайда күрделі болар еді. Сондықтан ИКҚ-ны баланың келесі кезеңге — кәсіби және әлеуметтік дағдыларды алуға өтуіне көмектесетін негіз ретінде қарастыруға болады», — деді Екатерина Таженова, поведенциялық аналитик, мінез-құлық бағдарламаларының супервизоры, педагог-психолог, дефектология магистрі.

Мұрат Мөңкеұлы атындағы №6 жалпы орта мектеп оқушысы Тұрғамбай Абдурахимнің анасы Самал Жұмашева былай дейді:

«Менің ұлым Абдурахим 2019 жылдан бері, бірінші сыныптан бастап, “Bolashak Charity” Қоғамдық қоры ашқан №6 мектептегі инклюзияны қолдау кабинетінде оқып келеді. Оқу педагог-ассистенттердің қолдауымен бейімделген бағдарлама бойынша өтеді. Біздің отбасымыз үшін ИКҚ маңызды тірекке айналды: ұлым педагогтармен және сыныптастарымен өзара әрекеттесуді үйренді, мектеп ортасына бейімделді және өз қабілеттерін аша алды.

Абдурахим — талантты бала: оның музыкалық қабілеті бар, республикалық конкурстарда жүлделі орындар алады, жақсы оқиды, әсіресе математикаға бейімі бар. Биыл ол 8-сыныпты аяқтады, ал ОӨК жобасы біз үшін жаңа бағытты байқап көруге үлкен мүмкіндік. Ұлым кондитерлік істі оқитын болады, және біз оның пайдалы дағдылар алып, дербес өмірге қарай келесі қадам жасайтынына үміттенеміз. Ана, белсенді ата-ана және әлеуметтік кәсіпкер ретінде мен мұндай жобалардың біздің балаларымыз үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Мен үшін балаларымызда мектептегі қолдаудан кәсіби оқытуға және болашақта өзін жүзеге асыруға дейінгі жолдың жалғасы пайда болғаны ерекше құнды».

Дербес өмірге алғашқы қадам: елорда колледжінде ерекше қажеттіліктері бар 22 түлек кәсіби курстарды аяқтады

Астанада ерекше білім беруді қажет ететін жасөспірімдер мен жастарға арналған «Оқу-өндірістік комбинаттар» жобасы түлектеріне мемлекеттік үлгідегі куәліктерді табыстау рәсімі өтті. Биыл ерекшеліктері бар 22 жасөспірім мен жастар «Кондитер», «Тігін өндірісі және киімді модельдеу» және «3D-дизайн» бағыттары бойынша оқуды сәтті аяқтады.

Жоба 2024 жылдан бастап «Bolashak Charity» қоғамдық қорының бастамасымен Астана қаласы әкімдігінің және «AMANAT» партиясының қолдауымен жүзеге асырылып келеді. 2026 жылы жобаның демеушісі ретінде Астанада «Кондитер» бағыты бойынша 10 қатысушының оқуын қаржыландырған Orda Invest компаниясы қолдау көрсетті.

Жобаның мақсаты — ерекше білім беруді қажет ететін жасөспірімдер мен жастарға кәсіби білім алу, әлеуметтену және әрі қарай жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін ұсыну. Бағдарламаға 14 жастан бастап жасөспірімдер, сондай-ақ даму ерекшеліктері бар жастар, соның ішінде аутизм спектрінің бұзылыстары, жеңіл және орташа деңгейдегі интеллектуалдық бұзылыстары, психикалық дамудың тежелуі, Даун синдромы, СДВГ және басқа да ерекшеліктері бар қатысушылар қатысады.

ОӨК аясындағы оқыту 8–10 адамнан тұратын шағын топтарда ұйымдастырылады. Курстың ұзақтығы таңдалған дайындық бағытына қарай 6 айдан 9 айға дейін созылады. Оқу процесі практикалық бағытта жүргізіледі: сабақтар колледждер базасында оқу шеберханалары мен кәсіби жабдықтарды пайдалана отырып өтеді. Қатысушыларды өндірістік оқыту шеберлері, қолданбалы мінез-құлық талдауы мамандары және тьюторлардан тұратын пәнаралық команда сүйемелдейді. Оқу барысында визуалды кестелер, чек-парақтар, қадамдық нұсқаулықтар және құрылымдалған сабақ режимі қолданылады. Бұл қатысушылардың оқу процесіне бейімделуін арттырып, алаңдаушылық деңгейін төмендетуге көмектеседі.

Бүгінде жоба Астана, Қарағанды, Орал және Атырау қалаларында іске асуда. 2024 жылдан бері ОӨК аясындағы оқытумен 133 қатысушы қамтылды. Олардың ішінде 14 жасөспірім түрлі ұйымдарда тағылымдамадан өтті, 5 қатысушы жұмысқа орналасты, ал 29-ы колледждерге оқуға түсті.

2025–2026 оқу жылында Астанадағы жобаға 15 пен 28 жас аралығындағы аутизм спектрінің бұзылыстары, Даун синдромы, психикалық дамудың тежелуі, интеллектуалдық бұзылыстары, сөйлеу және есту қабілетінің бұзылыстары бар 22 жасөспірім мен жас қатысты. Оқу алты ай бойы — аптасына екі рет үш сағаттан — Астана қаласының Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі базасында, сондай-ақ жобаның серіктесі BURO Architecture & Design кеңсесінде өтті. «Кондитер» бағыты бойынша 10 қатысушы, «Тігін өндірісі және киімді модельдеу» бағыты бойынша 7 қатысушы, «3D-дизайн» бағыты бойынша 5 қатысушы оқуды аяқтады.

Оқу барысында қатысушылар қамырмен жұмыс істеу, кондитерлік өнімдер дайындау бойынша практикалық дағдыларды меңгерді, аспаздық пен санитария негіздерін, тігін тігуді, маталармен және тігін машиналарымен жұмыс істеуді үйренді, сондай-ақ 3D-дизайн және модельдеу саласында базалық білім алды.

2025 жылғы маусым айында Көкшетаудан келген аутизмі бар 15 жастағы Батырхан Ұлықмановтың отбасы ұлының болашағы үшін оңай емес, бірақ маңызды шешім қабылдап, Астанаға көшті. Сол кезде Батырхан 8-сыныпты аяқтаған болатын, ал ата-анасы оның алдағы жолы — кәсіби білім алуы, әлеуметтенуі, дербестігі және өмірден өз орнын табу мүмкіндігі туралы жиі ойлана бастаған еді. Туған қаласында даму ерекшеліктері бар жасөспірімдерге арналған мұндай мүмкіндіктер жеткіліксіз болғандықтан, көшу отбасы үшін Батырханның жаңа мүмкіндіктеріне деген үміт пен сенімге толы қадам болды.

«Батырхан — сабырлы, мейірімді әрі шынайы бала. Оған шулы ортада болу, адамдармен қарым-қатынас жасау және тез тіл табысу оңай емес. Біз Көкшетаудан Астанаға ұлымыздың болашағы үшін — оның дамуына, әлеуметтенуіне және кәсіби білім алуына көбірек мүмкіндік беру үшін көштік. Bolashak Charity қорының ОӨК жобасына қабылдау туралы хабарландыруын көргенде, бұл біз үшін үлкен үміт болды. Батырханның жобаға қабылданғанына қатты қуандық. Оқу барысында ол өзіне сенімді бола түсті, жаңа дағдыларды меңгеріп, тапсырмаларды орындауды, командада жұмыс істеуді және бастаған ісін соңына дейін жеткізуді үйренді. Бірақ мен үшін ана ретінде ең маңыздысы — оның достары пайда болды. Біздің ұлымыз үшін бұл үлкен қадам», — деп бөлісті «Кондитер» бағыты бойынша ОӨК жобасының түлегі Батырханның анасы Гүлжайна Буранова.

Іс-шараға «Bolashak Charity» ҚҚ Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев, Orda Invest компаниясының маркетинг, сату және сервис жөніндегі басқарушы директоры Өркен Нұрылда, Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінің директоры Зауре Клышбаева, BURO академиясының негізін қалаушы Арайлым Беисова, сондай-ақ түлектер мен олардың ата-аналары, мамандар, әлеуметтік кәсіпкерлер және басқа да қонақтар қатысты.

«Біз үшін ОӨК жобасының тек кәсіби дағдылар беріп қана қоймай, даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен жастардың өмірінде нақты өзгерістерге жол ашқаны маңызды. Үшінші легтің қорытындысы бойынша біз ата-аналар арасында ішкі сауалнама жүргіздік: жобаның орташа бағасы 10 балдың 9,8 балын құрады, ал ата-аналардың 73%-ы балаларының мінез-құлқы мен дамуында айтарлықтай оң өзгерістер болғанын атап өтті.

Ата-аналар балаларының дербестігі мен өзіне деген сенімінің артқанын, коммуникациясының жақсарғанын, нұсқаулықтарды орындау, топта жұмыс істеу және тапсырмаларды жауапкершілікпен атқару дағдылары қалыптасқанын айтады. Біз үшін бұл әсіресе құнды, өйткені әрбір осындай дағдының артында үлкен дербестікке, әлеуметтенуге және болашақта жұмысқа орналасуға жасалған қадам тұр. Ата-аналардың 100%-ы жобаны басқа отбасыларға ұсынуға дайын екені, ал 67%-ы балалары үшін тағылымдамадан өту және әрі қарай жұмысқа орналасу мүмкіндігін қарастырып отырғаны да маңызды көрсеткіш.

Біз Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне ОӨК үлгісі бойынша даму ерекшеліктері бар жасөспірімдерге арналған практикалық бағыттағы кәсіби оқытудың мемлекеттік жүйесін дамытуға жағдай жасау жөнінде ұсыныстар бердік. Жобаны 2024 жылдан бері жүзеге асыра отырып, біз кәсіби оқыту моделін ғана қалыптастырып қоймай, келесі кезеңге — менталды бұзылыстары бар адамдарды сүйемелденетін жұмысқа орналастыру бағытына өткенімізді сеніммен айта аламыз. Бұл модель мамандардың, тьюторлардың және мінез-құлық аналитиктерінің қатысуын көздейді, және біз бизнесті оны енгізу процесінде қолдауға дайынбыз», — деп атап өтті «Bolashak Charity» ҚҚ Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Гаплан.

«Bolashak Charity» қоғамдық қоры инклюзивті «ТАТА» кондитерлік цехымен серіктестікте жұмыстың жаңа бағытын — «Жұмыс орнында сүйемелдеу» жобасын іске қосады. Жоба аясында ОӨК-тің қазіргі және алдыңғы лектерінің алты түлегін «ТАТА» инклюзивті кондитерлік цехына жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Қатысушылардың жұмыс орнында сәтті бейімделуі үшін оларды педагог-ассистенттер сүйемелдейді, ал қордың мінез-құлық аналитигі түлектерге де, жұмыс берушіге де әдістемелік және мінез-құлықтық қолдау көрсетеді. Мұндай формат оқудан нақты жұмыспен қамтуға қауіпсіз әрі кәсіби өту маршрутын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Біз Bolashak Charity қоғамдық қорының қызметін бұрыннан бақылап келеміз және қордың инклюзия тақырыбына қаншалықты жүйелі қарайтынын көріп отырмыз. Біз үшін бұл серіктестік — ОӨК түлектерін жай ғана жұмысқа қабылдау емес, инклюзивті өндірістің дұрыс моделін бірге қалыптастыру мүмкіндігі. Бүгінде кәсіпкерлерде даму ерекшеліктері бар адамдар үшін жұмыс орындарын ашуға ниет болғанымен, көбіне нақты алгоритм жетіспейді: команданы қалай дайындау керек, жұмыс процестерін қалай ұйымдастыру қажет, қызметкерлердің бейімделуі мен сүйемелдеуін қалай қамтамасыз ету керек деген сұрақтар бар. Сондықтан қор мамандарының, педагог-ассистенттердің және мінез-құлық аналитигінің қатысуы біз үшін өте маңызды. Мен ұлым сияқты адамдар өмірден өз орнын, достарын, әріптестерін және сүйікті ісін таба алатын орын құруды армандаймын», — деп атап өтті «ТАТА» инклюзивті кондитерлік цехының, «DARMED» клиникалар желісінің негізін қалаушы, акушер-гинеколог дәрігер, аутизмі бар баланың анасы Айгүл Ешматова.

Іс-шара «Sak Clinic», «Orta Community», «Cvety.kz», «Село Лесное» сауда маркасы, «Hampton by Hilton» қонақүйі, «Sapadent», «My Dent» стоматологиялары, сондай-ақ «Bogachi», «MEGOGO» және «Imaanstudio» компанияларының қолдауымен өтті.

5000 қатысушы, инклюзиялық білім беруді дамытуға 42 млн теңге және ауқымды қолдау: Қазақстандағы басты инклюзивті RUN FOR AUTISM жүгіру жарысы қалай өтті

26 сәуір күні Астана қаласында жыл сайын өткізілетін төртінші қайырымдылық Run for Autism жүгіру жарысы өтті. Жиналған 42 млн теңгеден астам қайырымдылық қаражаты аутизмі бар және өзге де менталдық бұзылыстары бар жасөспірімдер мен ересектерді кәсіби оқытуға бағытталады. Іс-шараны Bolashak Charity серіктестердің қолдауымен ұйымдастырды.

Жарыстың мақсаты – қоғамның аутизм туралы хабардарлығын арттыру, аутизмі бар адамдардың өмір сапасын жақсарту, олардың әлеуметтенуі мен өзін-өзі басқаруға жағдай жасау, сондай-ақ инклюзияны дамыту.

Іс-шара аутизм мәселесі туралы ақпараттандыру айына орайластырылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дерегіне сәйкес, аутизм шамамен әрбір 100 баланың бірінде кездеседі, ал әлемде аутизм спектрінің бұзылыстары бар адамдар саны 75 миллионнан асады. 2026 жылғы 1 сәуірдегі ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда АСБ диагнозымен динамикалық бақылауда 18 153 адам тұр, оның 17 713-і — кәмелетке толмағандар (97,5%). Халықаралық сарапшылар мен қоғамдық ұйымдардың деректеріне сәйкес, Қазақстандағы АСБ бар балалар саны ресми көрсеткіштен едәуір жоғары болып, 35 мыңнан асуы мүмкін. Елордада АСБ диагнозымен 4 368 адам тіркелген, оның 4 232-сі — балалар (96,8%).

Run for Autism — аутизмді зерттеуді қолдауға қаражат жинауға бағытталған халықаралық бастама. Қазақстанда Run for Autism жүгіру жарысын Bolashak Charity қоры алғаш рет 2023 жылы өткізді. Үш жыл ішінде жарыстарға 6 443 адам қатысып, 42 348 444 теңге қайырымдылық қаражаты жиналды. Осы қаражатқа Астана қаласы мен Қостанай облысы аумағындағы балабақшаларда, мектептерде және колледждерде 25 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды.

Жарыс төрт қашықтық бойынша өтті: 1 км, 2,5 км, 5 км және 10 км. Қатысу құны 8 990 теңгеден 11 990 теңгеге дейін болды. Барлығы қайырымдылық жүгіру жарысына 26 қаладан 5 000 адам қатысты: Ақтөбе, Ақтау, Алматы, Астана, Атбасар, Атырау, Аягөз, Балқаш, Ерейментау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Семей, Степногорск, Талдықорған, Тараз, Теміртау, Түркістан, Орал, Өскемен, Шахтинск, Шымкент, Екібастұз.

Жарысқа даму ерекшеліктері бар 100-ден астам адам қатысты (аутизм, Даун синдромы, церебралды сал ауруы, есту қабілеті бұзылған спортшылар, тірек-қимыл аппараты бұзылған жандар және т.б.). Онлайн жүгіру жарысына Қазақстанның 30 қаласынан, сондай-ақ Ұлыбритания мен Ресей елдерінен 140 адам қатысты.

Іс-шара аясында дәстүр бойынша аутизмі бар және өзге де даму ерекшеліктері бар балаларға арналған «Көңілді старттар» спорттық-ойын эстафетасы өткізілді. Оған аутизм, Даун синдромы, церебралды сал ауруы, психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі, дислексиясы бар 5 пен 14 жас аралығындағы шамамен 180 бала қатысты. Эстафетадан кейін балаларға іс-шара серіктестерінің сыйлықтары табысталды.

«Run for Autism — ерекше шара, өйткені оған біздің жобаларымыздағы жасөспірімдер, олардың отбасылары, педагогтер, серіктестер және қор достары қатысады. Сондықтан бұл жүгіру жарысы жай ғана іс-шара шеңберінен шығып, түрлі қалалардағы адамдарды ортақ идея төңірегіне біріктіретін шынайы қозғалысқа айналды.

Біз жобаны бастаған кезде қоғам назарын аутизм мен менталдық денсаулық тақырыбына аударуды мақсат еттік. Бүгінде мыңдаған адам бізбен бірге стартқа шығады. Бұл қоғамның барған сайын ашық, саналы болып, маңызды әлеуметтік бастамаларды қолдауға дайын екенін көрсетеді. Алдыңғы жылдардағы қатысушылардың арқасында біз ондаған инклюзияны қолдау кабинеттерін аша алдық. Онда аутизмі бар және өзге де менталдық ерекшеліктері бар жүздеген бала күн сайын мамандар көмегін алады.

Бүгінде балалар өсіп, есейіп келеді, олармен бірге біздің бағдарламаларымыз да дамуда. Біз аутизмі бар жасөспірімдер мен жастарды кәсіби оқыту бағытын кеңейтіп жатырмыз. Биылғы жүгіру жарысы аясында жиналған қаражат дәл осы мақсаттарға бағытталады.

Бұл жүгіру жарысы — іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан көптеген адамдар мен компаниялардың қолдау белгісі. Әрбір серіктеске, Астана қаласының әкімдігіне, A-Event компаниясына және өзге де ұйымдарға шынайы алғысымды білдіремін», — деп атап өтті Bolashak Charity ҚҚ Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.

Жүгіру жарысына халықаралық компаниялардың қызметкерлері, шетелдік елшіліктердің өкілдері, оның ішінде Ұлыбритания, Испания, Түркия, Швеция, Эстония елдерінің дипломаттары, сондай-ақ Еуропалық Одақ Делегациясы өкілдері қатысты. Жарысқа Ресей елінен де қатысушылар қосылды — Мәскеу, Санкт-Петербург және Якутск қалаларынан.

РАС диагнозы бар 12 жастағы жасөспірімнің анасы, мінез-құлық талдаушысы және супервизор Юлия Асфина Run for Autism жарысына арнайы Мәскеу қаласынан ұшып келді:

«Өкінішке қарай, Ресейде әзірге Run for Autism жобасы жоқ, бірақ бір күні оның пайда боларына өте үміттімін. Bolashak Charity қорының Астана қаласында осындай жарыс ұйымдастырғаны керемет, әрі менің оның бір бөлігі болуға мүмкіндігім бар. Аутизм тақырыбымен күн сайын әрі кәсіби өмірімде, әрі жеке өмірімде бетпе-бет кездескен адам ретінде, РАС бар балаларды қолдайтын жобаға қатысу мен үшін ерекше маңызды. Мен жүгіруді де жақсы көремін және жарыстар мен жартылай марафондарға тұрақты түрде қатысамын. Биыл мен Run for Autism жарысына екінші рет қатысып отырмын. Өткен жылы Мәскеу қаласында онлайн форматта жүгірдім. Сол кезде ұйымдастырушылар маған медаль мен футболкасы бар старттық пакетті өте жылдам жеткізді, бұл өте жағымды болды. Ал биыл мен Астана қаласында жүгіріп жатырмын. Осындай мықты әрі шабыттандыратын жобаның бір бөлігі болып, біздің керемет балаларымызды қолдау өте құнды», — деп атап өтті Юлия Асфина.

Кулянда Атчибаева немересі Ахмадимен бірге жарысқа Атырау облысынан келді. Олар 1 шақырым қашықтыққа жүгірді. Ахмади 17 жаста, оның Даун синдромы бар. Ол күн сайын Мақат аудандық оңалту орталығына барады. Кулянда апа немересінің дамуына белсенді түрде көңіл бөледі: екеуі бірге Қазақстанның түрлі қалаларына даму ерекшеліктері бар балаларға арналған спорттық жарыстарға тұрақты түрде қатысады — жүзу, жүгіру, секіру, шаңғы спорты және басқа бағыттар бойынша.

«Мен үнемі немереме арналған қандай іс-шаралар, жарыстар, сауықтыру лагерьлері және өзге де мүмкіндіктер өтіп жатқанын қадағалап жүремін. Біз барлық жерде қатысуға тырысамыз. Менің мұның бәрін жасауымдағы ең басты мақсатым — әлеуметтену мен қарым-қатынас. Немерем адамдармен араласа алса, өз бетінше болып, қоғамда сенімді өмір сүрсе деймін. Немереме қазір 17 жас болды, сондықтан оның болашағы туралы жиі ойлана бастадым. Жақында біз Атырау қаласындағы «Оқу-өндірістік комбинат» жобасына жазылдық. Бұл жобаны біздің қаламызда Bolashak Charity қоры Теңізшевройл компаниясының қолдауымен іске қосып жатыр. Бұл біздің отбасымыз үшін үлкен қуаныш», — деп бөлісті Кулянда Атчибаева.

Мәре сызығын кесіп өткен жарысқа қатысушыларға естелік медальдар табысталды, ал әр қашықтық бойынша алғашқы үш жеңімпаз дипломдармен марапатталды. Барлық жүгірушілерге старттық пакеттер берілді. Оның құрамына шоппер сөмкесі, жүгіруге арналған футболка, старт нөмірі, ақпараттық парақша, сыйлықтар ұтысына қатысу талоны, құрт, дрип-кофе пакеті, кинезио-тейп, сутекті магний (Supreme H₂), косметологиялық қызметтерге сертификаттар, мұздатылған йогурт және бургерханаға сертификаттар кірді.

Жарысқа қатысушылар арасында 20-дан астам бағалы сыйлықтар мен тартулар ойнатылды. Олардың қатарында екі адамға арналған Грузия еліне саяхат, 1 тонна бензин, смартфон, бес жұлдызды қонақүйлерде тұруға сертификаттар, бір айлық кофе қоры, бір жылдық мұздатылған йогурт қоры, тау велосипеді және басқа да сыйлықтар болды.

Іс-шараны 70-тен астам демеуші мен серіктес қолдады. Олардың қатарында: Астана қаласы әкімдігі, «NAK» құрылыс холдингі, ALSTOM, TechnoGym компаниялары, «Село Лесное» сауда белгісі, KAZZINC, Dandelion, Garden, «Курочка Ряба», Ozen, MYD Production, Drinkit Coffee, G-Life, Qazaq Oil, TUMI, Fix Price, SARQYT, Y Cosmetology, VEOLES, Арзан ALEM e-commerce Turan Water, A-Event, INTERTOP, Rixos Borovoe, NAVAT чайхана, Abyroi, iSpace, AI Trust Clinic, Chaplin Cinemas, FlyArystan, Summer Love Frozen Yogurt, Мясная лавка FARШ/Бургерная, QAZAQ ATHLETICS, Cheese Show, Digital Boards, LIFTMEDIA, ТРЦ Keruen, 5G Kcell Activ, ARGYMAQ, Hilton Astana, ASTANA PRODUCTION, Marwin, Sundar Yoga, «Орловские бани», ANTA, Ailand, IT-компания Digital Bords, My Start, Mustafin Magazine, ASTANA TV, Love Radio Qazaqstan, Codus Media, Aitmedia, Proreklama және басқа да ұйымдар бар. Ақпараттық серіктестер: «Хабар» Агенттігі» АҚ, «Euronews», «Qazsport», «Astana TV», «Almaty TV» телеарналары, «AMANAT MEDIA GROUP» медиа холдингi, «Mustafin Magazine», «Aitmedia», «Smartnews», «InfoTimes», «Kaztourism.media» сайттары. 

UNI Football League халықаралық UEFA Grassroots Awards байқауында қола жүлде жеңіп алды

«Bolashak Charity» қоғамдық қоры Қазақстан футбол федерациясымен бірлесіп және «Freedom Shapagat» қорының демеушілігімен жүзеге асырылып жатқан UNI Football League жобасы УЕФА-ның Grassroots Awards марапаттау рәсімінде 2025/2026 маусымындағы «Үздік мүгедектік бастамасы» санатында қола жүлде жеңіп алды.

UNI Football League ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтенуін және дамуын ілгерілетуге бағытталған. Бастама 10 жастан 18 жасқа дейінгі аутизм және Даун синдромына шалдыққан қатысушыларға қауіпсіз және бейімделген ортада футбол ойнауға мүмкіндік береді, олардың физикалық дамуына және белсенді қоғамдық өмірге араласуына ықпал етеді.

UNI Football League алғашқы ұлттық турнирі 2025 жылы Астанада Қазақстандағы Испания елшілігінің қолдауымен өтті. Жоба Қазақстан бойынша тоғыз қаланы қамтиды, онда 120-дан астам бала мамандандырылған секцияларға қатысып жатыр, ал қатысушылар санын 160-қа дейін кеңейту жоспарлануда. Жобаға УЕФА лицензиясы бар, инклюзивті білім беру бойынша оқытылған жаттықтырушылар қатысады, ал қызметкерлер үшін мамандандырылған оқыту курстары ұйымдастырылды.

UEFA Grassroots Awards 2010 жылдан бері футболға қосқан үлестері мен жетістіктерін атап табысталады. Үміткерлерді жыл сайын Еуропаның ұлттық футбол қауымдастықтары ұсынады, ал жеңімпаздарды ұйымның жергілікті комиссиясының ұсыныстары негізінде УЕФА Даму және техникалық көмек комитеті таңдайды.