26 маусым күні Орал қаласында «Сервис» технологиялық колледжінің базасында менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен жастарға арналған Оқу-өндірістік комбинатының (ОӨК) түлектеріне мемлекеттік үлгідегі куәліктерді табыстау рәсімі өтті.
ОӨК аясында «Киім және аксессуарлар декораторы» бағыты бойынша 14 пен 19 жас аралығындағы аутизмі, жеңіл дәрежедегі зияткерлік бұзылыстары және басқа да менталдық ерекшеліктері бар 10 жасөспірім білім алды. Оқу 6 ай бойы жүргізілді.
Жобаның мақсаты — ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен жастарға кәсіби білім алу, әлеуметтену және одан әрі жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін ұсыну. Бағдарламаға 14 жастан бастап жасөспірімдер, сондай-ақ даму ерекшеліктері бар жастар, оның ішінде аутизм спектрінің бұзылыстары, жеңіл және орташа дәрежедегі зияткерлік бұзылыстары, психикалық дамуының тежелуі, Даун синдромы, СДВГ және басқа да ерекшеліктері бар қатысушылар қатысады.
ОӨК аясындағы оқу 8–10 адамнан тұратын шағын топтарда ұйымдастырылады. Курстың ұзақтығы таңдалған дайындық бағытына байланысты 6 айдан 9 айға дейін созылады. Оқу процесі тәжірибеге бағытталған сипатта өтеді: сабақтар колледж базасында, оқу шеберханалары мен кәсіби жабдықтарды пайдалана отырып жүргізіледі. Қатысушыларды өндірістік оқыту шеберлері, қолданбалы мінез-құлық талдауы мамандары және тьюторлардан құралған пәнаралық команда сүйемелдейді. Оқу барысында визуалды кестелер, чек-парақтар, қадамдық нұсқаулықтар және құрылымдалған сабақ режимі қолданылады. Бұл оқытудың тұрақтылығын арттыруға және қатысушылардың алаңдаушылық деңгейін төмендетуге көмектеседі.
Бүгінде жобаның географиясы Астана, Қарағанды, Орал және Атырау қалаларын қамтиды. 2024 жылдан бері ОӨК аясындағы оқумен 133 қатысушы қамтылды. Оның ішінде 14 жасөспірім түрлі ұйымдарда тағылымдамадан өтті, 5 қатысушы жұмысқа орналасты, ал 29 қатысушы колледждерге оқуға түсті.
Іс-шараға ОӨК оқушылары, ата-аналар, мамандар, сондай-ақ журналистер қатысты.
Айгүл Бозбаева, түлектің анасы:
— Біз үшін бұл — әлеуметтенуге, қоғамға араласуға берілген тағы бір мүмкіндік. Себебі біздің балаларымыз көбіне өзімен-өзі қалып қояды. Әрине, біз отбасымызда өз күшімізбен балаларымызды қоғамға бейімдеуге тырысамыз, бірақ олар үшін қиындықтар өте көп. Бұл жоба бізге балаларымыздың әлеуетін көрсетуге, оны ашуға мүмкіндік берді.

26 маусым күні Орал қаласында «Сервис» технологиялық колледжінің базасында менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен жастарға арналған...

Астана қаласының Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінде менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен жастарға арналған кәсіби оқытудың...

Қарағандыда «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен жастарға арналған оқу-өндірістік комбинаттар (ОӨК)» жобасының түлектеріне мемлекеттік үлгідегі...