Орал қаласында аутизмі бар жасөспірімдер мен ересектерге арналған алғашқы Оқу-өндірістік комбинат ашылды

20.02.26

19 ақпанда Орал қаласында «Сервис» технологиялық колледжі базасында даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен ересектерге арналған алғашқы Оқу-өндірістік комбинаттың (ОӨК) салтанатты ашылуы өтті. «Киім және аксессуарлар декораторы» бағыты бойынша ОӨК «Bolashak Charity» қоғамдық қорының бастамасымен ашылды.

Оқу-өндірістік комбинат — бұл ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен ересектерді кәсіби оқытуға, практикалық дағдыларын дамытуға, әлеуметтендіруге және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуге бағытталған әлеуметтік жоба. Жобаның мақсаты — ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдерге кәсіби білім алу, әлеуметтену және еңбекке орналасу мүмкіндігін ұсыну.

Бағдарлама қатысушылары — 12-ден 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер және даму ерекшеліктері бар ересектер: аутизм спектрінің бұзылыстары, жеңіл және орташа дәрежедегі зияткерлік бұзылыстар, психикалық дамудың тежелуі, Даун синдромы, нейросенсорлық есту қабілетінің төмендеуі, НЖГС. Жоба 2024 жылы Астана қаласында бастау алды.

Орал қаласындағы ОӨК-де 14–19 жас аралығындағы аутизм, жеңіл зияткерлік бұзылыс және басқа да менталдық ерекшеліктері бар 10 жасөспірім білім алады. Оқу мерзімі — 6 ай. Курс аяқталған соң білім алушыларға мемлекеттік үлгідегі куәлік беріледі.

Іс-шараға ОӨК оқушылары, ата-аналар, мамандар, «Bolashak Charity» қоғамдық қорының өкілдері, қала кәсіпкерлері мен меценаттары, сондай-ақ журналистер қатысты. Қонақтар оқу үдерісімен танысып, тәлімгерлермен пікір алмасты және қатысушылардың кәсіби даярлығын өз көздерімен көрді.

«Оқу-өндірістік комбинат жобасы ерекше жасөспірімдердің ата-аналары тарапынан мектептен кейін білім алуды жалғастыру қажеттілігі туралы сұранысқа жауап ретінде құрылды. ОӨК — даму ерекшеліктері бар оқушылар үшін мектеп пен колледж арасындағы аралық буын, сондай-ақ әртүрлі себептермен оқуын жалғастырмаған жастар үшін мүмкіндік алаңы.
Жасөспірімдер мектеппен қатар ОӨК-ке қатысып, кәсіби дағдыларды меңгереді, әлеуметтенеді, командада жұмыс істеуді үйренеді және алғашқы мамандығын алады. Оқу қорытындысы бойынша мемлекеттік үлгідегі куәлік беріледі. Қор тағылымдамадан өтуге және мүмкіндігінше жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді. Жоба өзінің тұрақтылығы мен сұранысқа ие екенін дәлелдеді. Сондықтан біз оны өңірлерде кеңейту және инклюзивті еңбекке орналастыруды дамыту үшін серіктестер мен демеушілерді тарту жұмысын жалғастырып жатырмыз»,

Самал Әлбілбекова, «Bolashak Charity» ҚҚ әлеуметтік және инклюзивті бағдарламалар жетекшісі.

«ОӨК жобасы біздің ерекше балаларымыз бен олардың отбасылары үшін өте маңызды. Бұл жай ғана сабақ емес, жүйелі қолдау тетігі: педагог-ассистенттердің сүйемелдеуі, түсінікті талаптар, ересек өмірге кезең-кезеңімен дайындық. Ұлымның мінез-құлық ерекшеліктеріне байланысты сүйемелдеу қажет, және ОӨК-те мұндай жағдайлар жасалған. Мұнда балалар кәсіби дағдыларды меңгеріп, болашағын нақты елестете бастайды — колледжде оқу, жұмыс істеу, табыс табу. Ұлымның өз мақсаттары бар, ол оқып, еңбек етіп, табыс таба алатынын түсінеді. Бұл біз үшін — ертеңгі күнге деген сенім»,

Оксана Надршина, 15 жастағы Александрдың анасы (аутизм).

Бүгінде ОӨК Астана, Орал және Қарағанды қалаларында ашылған. Кәсіби оқумен 100-ден астам жасөспірім мен даму ерекшеліктері бар ересек қамтылған. 2024 жылдан бері 20 түлек колледждерге түсті, 12 қатысушы тағылымдамадан өтті, 3 адам жұмысқа орналасты. Жоба жергілікті атқарушы органдар мен бизнес қолдауымен жүзеге асырылуда.

«Bolashak Charity» қоғамдық қорына – 15 жыл

«Bolashak Charity» қоғамдық қоры 2011 жылдан бері дарынды жастарды қолдау, аутизм және басқа да менталдық бұзылыстары бар балалар үшін инклюзивті білім беруді дамыту бағытында жұмыс істейді.

Қор Қазақстан бойынша 90-нан астам мамандандырылған оңалту орталықтары мен кабинеттерін ашып, жабдықтады, оның ішінде 24 қалада 79 Инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді. Жобалар 2 000-нан астам ерекше білім беру қажеттіліктері бар баланы қамтыды, оның ішінде 1 000-нан астам бала үйден оқытудан жалпы білім беру жүйесіне шығарылды.

Инклюзивті білім беру саласында 600 жаңа мамандандырылған жұмыс орны құрылды. 4 500 маман мен ата-ана инклюзивті білім беру және қолданбалы мінез-құлық талдауы бойынша оқытылды. 2,5 мыңнан астам балалар үйінің тәрбиеленушілері қордың шығармашылық бағдарламаларына қатысты.

Қордың Инклюзияны қолдау кабинеттері Қазақстан Республикасындағы инклюзивті білім беруді дамыту бойынша эксперименттік алаңдар желісіне енгізілген. Қор моделі негізінде ел бойынша 1 500 инклюзияны қолдау кабинеті ашылды.

Инклюзивті білім беруді дамыту бағытында заңнамалық актілерге 120-дан астам сапалы ұсыныстар мен түзетулер енгізілді. Қор ҚР Парламенті Сенаты, «AMANAT» партиясы және министрліктер жанындағы жұмыс топтарының мүшесі болып табылады.

Қор педагог-ассистенттерге арналған «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытудағы мінез-құлық технологиялары: диагностика, оқыту және қолдау стратегиялары» атты оқу курсын әзірлеп, іске қосты. Бүгінгі таңда Қазақстанның 17-ден астам өңірі мен Орталық Азия елдерінен 4 000-нан астам маман оқытылды.

👁 89
просмотров

Ұқсас жаңалықтар

Оралда менталдық даму ерекшеліктері бар 10 түлек кәсіби оқудан өткені туралы куәлік алды

26 маусым күні Орал қаласында «Сервис» технологиялық колледжінің базасында менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен жастарға арналған...

Астанада менталдық даму ерекшеліктері бар алғашқы студенттер колледжде кәсіби оқуды аяқтады

Астана қаласының Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінде менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен жастарға арналған кәсіби оқытудың...

Менталдық ерекшеліктері бар 10 түлек Қарағанды колледжінде кәсіби курстарды аяқтады

Қарағандыда «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен жастарға арналған оқу-өндірістік комбинаттар (ОӨК)» жобасының түлектеріне мемлекеттік үлгідегі...

1 2 3 33

БАЙЛАНЫСУ ҮШІН АҚПАРАТ

Қазақстан Республикасы,
Астана қ., Д.Қонаев к. 12/1,
411-офис
Пошта: charityfoundation@bolashak.kz
Телефон: +7 7172 500 618

БІЗ INSTAGRAM-ДА

БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ

Әзірлеуші Санат Досаев

crossmenuchevron-upchevron-down linkedin facebook pinterest youtube rss twitter instagram facebook-blank rss-blank linkedin-blank pinterest youtube twitter instagram