Менталдық ерекшеліктері бар 10 түлек Қарағанды колледжінде кәсіби курстарды аяқтады

03.06.26

Қарағандыда «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен жастарға арналған оқу-өндірістік комбинаттар (ОӨК)» жобасының түлектеріне мемлекеттік үлгідегі куәліктерді табыстау рәсімі өтті. Аутизм, Даун синдромы, есту қабілетінің сенсорлық бұзылыстары, органикалық бұзылыстары және СДВГ бар 13 пен 19 жас аралығындағы 10 жасөспірім «Кондитерлік іс» бағыты бойынша оқуды сәтті аяқтады.

Бұл — Қарағандыда «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен жастарға арналған оқу-өндірістік комбинаттар» жобасы аясындағы алғашқы түлектер легі. Оқу 6 айға созылды. Осы уақыт ішінде қатысушылар қамырмен жұмыс істеу, кондитерлік өнімдер дайындау бойынша практикалық дағдыларды меңгеріп, аспаздық пен санитария негіздерін және басқа да маңызды бағыттарды үйренді.

Жоба 2024 жылдан бастап «Bolashak Charity» қоғамдық қоры тарапынан Астана қаласы әкімдігі мен «AMANAT» партиясының қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Жобаның географиясы Астана, Қарағанды, Орал және Атырау қалаларын қамтиды. Жалпы жоба аясында даму ерекшеліктері бар 130-дан астам жасөспірім мен жас оқудан өтті.

Жоба қатысушылардың әлеуметтік бейімделуіне, кәсіби білім алуына және одан әрі жұмысқа орналасуына ықпал етеді. Ол 7–11 сынып оқушылары мен ересектерге арналған колледждер базасында мамандандырылған кәсіби алаңдарды ашуды көздейді. Жобаның мақсаты — ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен жастарға кәсіби білім алу, әлеуметтену және кейіннен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін ұсыну.

ОӨК-де оқыту 8–10 адамнан тұратын шағын топтарда ұйымдастырылады. Курстың ұзақтығы таңдалған дайындық бағытына байланысты 6 айдан 9 айға дейін созылады. Оқу процесі практикалық бағытқа негізделген: сабақтар колледждер базасында, оқу шеберханалары мен кәсіби жабдықтарды пайдалана отырып өткізіледі. Қатысушыларды өндірістік оқыту шеберлері, қолданбалы мінез-құлық талдауы мамандары және тьюторлар кіретін пәнаралық команда сүйемелдейді. Оқу барысында визуалды кестелер, чек-парақтар, қадамдық нұсқаулықтар және сабақтардың құрылымдалған тәртібі қолданылады. Бұл оқытудың тұрақтылығын арттыруға және қатысушылардың алаңдаушылығын төмендетуге көмектеседі.

Іс-шараға ОӨК оқушылары, ата-аналар, мамандар, «Bolashak Charity» қоғамдық қорының өкілдері, қаланың әлеуметтік кәсіпкерлері, қор серіктестері, сондай-ақ журналистер қатысты.

«2015 жылдан бері біздің қор аутизмі және менталдық дамудың басқа да ерекшеліктері бар балалар үшін инклюзивті білім беруді дамыту бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Дәл сол жылы біз елімізде алғашқылардың бірі болып мектептер мен балабақшаларда инклюзияны қолдау кабинеттерін аштық. Уақыт өте келе біздің оқушыларымыз есейді, сол кезде алдымызда келесі маңызды мәселе — даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен ересектерді кәсіби оқыту міндеті тұрды. Осылайша 2024 жылы “Оқу-өндірістік комбинаттар” жобасы пайда болды.

Біз үшін инклюзияны тек елордада ғана емес, өңірлерде де жүйелі түрде дамыту маңызды. 2019 жылы біз Қарағандыда мектептер жанынан алғашқы инклюзияны қолдау кабинеттерін аштық. Бүгінде сол кабинеттердің түлектері де кәсіби дағдылар алу үшін ОӨК-ге келіп жатыр. Жалпы біз Қарағандыдағы 6 мектепте ИҚК аштық: №5 ЖББМ, №10 мектеп, “№33 мектеп – бөбекжай-бақша кешені” КММ, №48 ЖББМ, №82 мектеп және Әл-Фараби атындағы №102 мектеп-гимназия.

2024 жылы біздің қор Қарағандыда аутизмі, Даун синдромы және басқа да даму ерекшеліктері бар балаларға арналған алғашқы инклюзивті футбол секциясын ашты. Бүгінде онда 10 мен 18 жас аралығындағы 13 жасөспірім жаттығады. Біздің жобаларымыз өңірде әрі қарай да белсенді дамиды деп сенеміз және әлеуметтік кәсіпкерлер мен бизнесті менталдық даму ерекшеліктері бар адамдарды тағылымдамадан өткізу және жұмысқа орналастыру бағытында ынтымақтастыққа шақырамыз», — деп атап өтті «Bolashak Charity» қоғамдық қорының директоры Азамат Божақ.

ОӨК-дегі оқыту мінез-құлық аналитигі, мінез-құлық бағдарламаларының кураторы, психолог Сандуғаш Жарованың сүйемелдеуімен өтті:

«Практикалық оқытудың басында ОӨК-тің көптеген оқушылары тіпті базалық асүй-тұрмыстық әрекеттерді орындауда қиындықтарға тап болды: құрал-жабдықтарды сенімсіз қолданды, қарапайым әрекеттерді орындау және қауіпсіздік ережелерін сақтау кезінде үнемі қолдауды қажет етті. Оқу барысында біз айтарлықтай ілгерілеуді байқадық: балалар педагогтің бақылауымен асүй пышағын дұрыс ұстауды, қарапайым өнімдерді турауды, жұмыртқа жаруды, бұлғауышты пайдалануды, қамыр илеуді, тағам дайындау реттілігін сақтауды және өз жұмыс орнын жинауды үйренді. Ең маңыздысы, практикалық дағдылармен қатар олардың бойында сенімділік, нұсқаулықтарға мұқият қарау және дербестік артты. Біздің оқушыларымыз үшін бұл жай ғана аспаздық дағдылар емес — бұл неғұрлым тәуелсіз әрі қауіпсіз күнделікті өмірге жасалған қадам».

Қарағанды ОӨК түлегі, 19 жастағы Екатеринаның анасы Татьяна Смола былай деп атап өтті:

«Біз үшін бұл оқу өте маңызды кезең болды. Катя қамырдың әртүрлі түрлерімен: үгілмелі, ашытқылы, бисквитті және қатпарлы қамырмен жұмыс істеуді үйренді. Ол бәліш, ватрушка және басқа да өнімдерді дайындап көрді. Анасы ретінде мен үшін оның жаңа дағдыларды меңгеріп, өзіне деген сенімділігі мен іске қызығушылығы артып келе жатқанын көру өте құнды. Мен әрдайым қызымның жанында болып, оны қолдауға тырыстым, бірақ бүгінде оның көп нәрсені өзі жасай алатынын көріп отырмын. Біздің отбасымыз үшін бұл — үлкен қуаныш және оның дербестігіне жасалған маңызды қадам».

Іс-шара «Bogachi» компаниясы мен «Село Лесное» сауда маркасының қолдауымен өтті.

👁 148
просмотров

Ұқсас жаңалықтар

81-ші инклюзияны қолдау кабинеті: Bolashak Charity және Yandex Qazaqstan ерекше балалардың білім алуына жағдай жасауда

25 тамызда Қорғалжын ауылындағы Ақтан Төлеубаев атындағы жалпы білім беретін мектепте «Bolashak Charity» қоғамдық қорының «Әр бала...

Оралда менталдық даму ерекшеліктері бар 10 түлек кәсіби оқудан өткені туралы куәлік алды

26 маусым күні Орал қаласында «Сервис» технологиялық колледжінің базасында менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен жастарға арналған...

Астанада менталдық даму ерекшеліктері бар алғашқы студенттер колледжде кәсіби оқуды аяқтады

Астана қаласының Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінде менталдық даму ерекшеліктері бар жасөспірімдер мен жастарға арналған кәсіби оқытудың...

1 2 3 … 33

БАЙЛАНЫСУ ҮШІН АҚПАРАТ

Қазақстан Республикасы,
Астана қ., Д.Қонаев к. 12/1,
411-офис
Пошта: charityfoundation@bolashak.kz
Телефон: +7 7172 500 618

БІЗ INSTAGRAM-ДА

БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ

Әзірлеуші Санат Досаев

crossmenuchevron-upchevron-down linkedin facebook pinterest youtube rss twitter instagram facebook-blank rss-blank linkedin-blank pinterest youtube twitter instagram