Атырауда ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастардың кәсіби оқудағы алғашқы нәтижелері көрсетілді

05.11.26

Атырауда «Дағдыдан дербестікке» атты іс-шарада өңірдегі алғашқы оқу-өндірістік комбинаттың (ОӨК) аралық нәтижелері таныстырылды. Қонақтар ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен жастардың бес айда меңгерген кәсіби дағдыларымен танысып, олардың жетістіктерін ата-аналармен және мамандармен бірге талқылады.

«Bolashak Charity» қоғамдық қоры «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен жобаны 2026 жылғы мамырда іске қосты. «Сервис» колледжінің базасында жұмыс істейтін ОӨК-те қазір 15–28 жас аралығындағы 28 қатысушы «Кондитер», «Наубайшы» және «Тігін ісі» бағыттары бойынша білім алуда. Олардың қатарында аутизмі, Даун синдромы, психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі, зияткерлік және мінез-құлық ерекшеліктері бар жастар бар.

Оқу 2027 жылғы ақпанға дейін жалғасады. Бағдарламаны аяқтаған қатысушыларға мемлекеттік үлгідегі куәлік беріледі.

Іс-шараға қатысушылар мен олардың ата-аналары, «Bolashak Charity» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан, қордың мінез-құлық бағдарламаларының кураторы Екатерина Таженова, «Теңізшевройл» ЖШС Үкіметпен және қоғаммен байланыс бөлімі бас менеджерінің кеңесшісі Хэймиш Полс, әдістемелік орталықтың бөлім басшысы Гүлжанар Кубиева, қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың (ПМПК) басшылары, «Асыл Ана» кондитерлік желісінің директор орынбасары Гүлвира Шариполлаева және басқа да қонақтар қатысты.

Қонақтар үш бағыт бойынша практикалық сабақтарды көріп, сенсорлық бөлменің жұмысымен танысты. Педагогтер мен мінез-құлық талдаушысы жастардың қандай тапсырмаларды өз бетінше орындай бастағанын және қай тұста әлі де қолдау қажет екенін түсіндірді.

Кәсіби дағдымен бірге дербестік те қалыптасады

Сабақтар аптасына екі рет колледждің кәсіби жабдықталған шеберханаларында өтеді. Қатысушылар алдымен жекелеген әрекеттерді маманның көмегімен меңгереді. Кейін тапсырмаларды ретімен орындауға, жұмыс орнын ұйымдастыруға және қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, өз бетінше жұмыс істеуге үйренеді.

Өндірістік оқыту шеберлері, педагог-ассистенттер мен мінез-құлық талдаушысы әр қатысушының қажеттілігіне қарай қолдау көрсетеді. Бұл көмек нұсқауларды түсінуді, зейінді тапсырмаға шоғырландыруды, мінез-құлықты реттеуді және сенсорлық жүктемені ескеруді қамтиды. Дағдылар қалыптасқан сайын мамандардың көмегі біртіндеп азаяды.

«Бес айдағы маңызды нәтиже — жастардың жаңа дағдыларды меңгеріп, өз күшіне сенімді бола бастауы. Бұрын әр қадамда көмек қажет болған қатысушының бүгін тапсырманы түсініп, жұмысты ретімен орындап, бастаған ісін аяқтауы — үлкен жетістік. Біз үшін олардың дайын өнімін көрумен қатар, сол нәтижеге қалай жеткені де маңызды: өз бетінше шешім қабылдауы, қажет кезде көмек сұрауы, топпен жұмыс істеуі. Осындай тәжірибе дербестіктің негізін қалайды. Әр жастың үйрену қарқыны әртүрлі, сондықтан міндетіміз — қажетті қолдауды ұсынып, қабілетін ашуға мүмкіндік беру. Ал меңгерген дағдыларын тағылымдамада сынап көру — әрі қарай білім алуға және болашақта жұмыс істеуге дайындықтың келесі қадамы», — деді «Bolashak Charity» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.

Алғашқы тағылымдама тәжірибесі

«Кондитер» бағытының екі қатысушысы — Марс Марсен мен Сатыбалды Әділхан — Take the Cake Studio-да тағылымдамадан өтіп жүр. Олар өндірістегі жұмыс тәртібімен танысып, практикалық тапсырмалар орындайды, технологиялық талаптарды сақтауға және әріптестерімен бірлесіп жұмыс істеуге дағдыланады.

Тағылымдама оқу кезінде меңгерген дағдыларды нақты жұмыс жағдайында қолдануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мамандарға қатысушының қай тапсырманы өз бетінше орындай алатынын және қандай қолдау қажет екенін бағалауға көмектеседі. Қор басқа бағыттардағы, соның ішінде тігін ісі бойынша білім алып жатқан жастар үшін де тағылымдама мүмкіндіктерін қарастыруда.

Жоба туралы

«Оқу-өндірістік комбинаттар» — «Bolashak Charity» қоғамдық қорының ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдер мен жастарға мамандық таңдауға, практикалық дағдыларын және дербестігін дамытуға көмектесетін әлеуметтік жобасы. Бағдарлама оларды әрі қарай білім алуға, тағылымдамадан өтуге және жұмысқа орналасуға дайындайды.

Қатысушылар үшін оқу тегін. Қор серіктестердің қолдауымен шеберлер мен мамандардың еңбекақысын және ұйымдастыру шығындарын қаржыландырады. Колледждер оқу шеберханалары мен кәсіби жабдықтарын ұсынады.

Жоба 2024 жылдан бері Астана, Қарағанды, Орал және Атырау қалаларында жүзеге асырылып келеді. Ақтөбеде де жоба іске қосылуда.

2024–2026 жылдары жеті оқу легі ұйымдастырылып, барлығы 143 қатысушы қамтылды. Олардың 34-і оқуын жалғастырып жатыр, 31-і тағылымдамадан өтті, 10 түлек жұмысқа орналасты.

👁 44
просмотров

Ұқсас жаңалықтар

Атырауда ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастардың кәсіби оқудағы алғашқы нәтижелері көрсетілді

Атырауда «Дағдыдан дербестікке» атты іс-шарада өңірдегі алғашқы оқу-өндірістік комбинаттың (ОӨК) аралық нәтижелері таныстырылды. Қонақтар ерекше білім беру...

II Республикалық UNI FOOTBALL LEAGUE турнирі

Аутизмі, Даун синдромы, ДЦП және басқа да даму ерекшеліктері бар 90-ға жуық бала бір футбол алаңында бас...

81-ші инклюзияны қолдау кабинеті: Bolashak Charity және Yandex Qazaqstan ерекше балалардың білім алуына жағдай жасауда

25 тамызда Қорғалжын ауылындағы Ақтан Төлеубаев атындағы жалпы білім беретін мектепте «Bolashak Charity» қоғамдық қорының «Әр бала...

1 2 3 … 34

БАЙЛАНЫСУ ҮШІН АҚПАРАТ

Қазақстан Республикасы,
Астана қ., Д.Қонаев к. 12/1,
411-офис
Пошта: charityfoundation@bolashak.kz
Телефон: +7 7172 500 618

БІЗ INSTAGRAM-ДА

БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ

Әзірлеуші Санат Досаев

crossmenuchevron-upchevron-down linkedin facebook pinterest youtube rss twitter instagram facebook-blank rss-blank linkedin-blank pinterest youtube twitter instagram