Аутизм және дамуында басқа ерекшеліктер бар балаларды оқыту бойынша тағы бір халықаралық құрал қазақ тіліне аударылды 

28.09.23

Осы жылдың 28 қыркүйегінде бейсенбі күні Астанада қазақ тіліне аударылған ABLLS-R сөйлеу және үйренудің негізгі дағдыларын бағалау құралының тұсаукесері өтті. Құралды «Болашақ» корпоративтік қоры ағылшын тілінен қазақ тіліне аударған. Қазақ тілі ABLLS-R аударылған 12-ші тіл болды. Бұрын ол араб, қытай, француз, грузин, иврит, жапон, норвег, португал, орыс, испан және украин тілдеріне аударылған. ABLLS-R аудармасымен мамандар тобы жұмыс істеді, оның құрамына кәсіби аудармашылар, қордың мінез-құлық талдаушылары, инклюзивті білім беру саласындағы сарапшылар кірді. Аудармашы: Мира Сембайқызы, редакторлары: Жазира Ескендірова, Назгүл Нұрмағанбетова, Салида Абрахманова. Аударманы жасауға 2 жыл уақыт кетті.

Тұсаукесер аясында қордың мінез-құлық талдаушылары ABLLS-R-мен жұмыс істеу бойынша қазақ және орыс тілдерінде тренингтер өткізді. Оқыту тренингтерінде Қазақстанның түкпір түкпірінен 120-дан астам маман, оның ішінде мұғалімдер, ассистент-педагогтер, психологтар, логопедтер, дефектологтар, сондай-ақ ерекше балалардың ата-аналары оқудан өтті.

«Болашақ» корпоративтік қоры 2015 жылдан бастап Қазақстанда инклюзивті білім беру моделін құру және енгізу мақсатында «Әр бала мектепке баруға лайықты» қайырымдылық жобасын іске асыруда. Кәсіби әдебиетті қазақ тіліне аудару жоба бағыттарының бірі болып табылады. 2021 жылы Ю.Ерц пен О.Мелешкевичтің «Ерекше балалар. Қолданбалы мінез-құлық талдауына кіріспе» кітабы қазақ тіліне аударылды. Бұл қолданбалы талдау бойынша қазақ тіліне аударылған тұңғыш кітап болды

«Кәсіби әдебиетті аударудың арқасында біз қазақ тілді мамандарға түзету педагогикасының озық әдістемелеріне қол жеткізуге мүмкіндік береміз, осылайша еліміздегі ерекше балалармен жұмыс тиімділігін арттыру үшін жағдай жасаймыз. Бүгін біз аударған кітапты таныстырып қана қоймай, сонымен қатар біздің мамандар Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген мамандарды ABLLS-R бағалау құралымен қалай дұрыс жұмыс істеу керектігін үйрететін болады. Балаларымыздың тиімді білім алуы үшін инклюзивті білім берудің сапалы жүзеге асырылуы біз үшін өте маңызды. Сондықтан біз әдебиеттерді аударумен қатар, мамандарды оқытуға, инклюзивті білім беру саласында жұмыс істейтін қазақстандық педагогтардың білімі мен құзыреттілігін арттыруға көп көңіл бөлеміз. Біз ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеу және олармен жұмыс істеу бойынша педагог-ассистенттерге арналған мінез-құлықты қолданбалы талдау (АВА-терапия) негіздерін оқыту бойынша оқу курсын әзірледік және іске қостық. Бүгінгі таңда біз Қазақстанның түкпір түкпірінен және Орталық Азия елдерінен 3000-нан астам маман оқыттық», - деді «Болашақ» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.   

Іс-шараға «Болашақ» қоры Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан, мінез-құлық талдаушылары, инклюзивті білім беру саласындағы сарапшылар, сонымен бірге аймақтардан келген мамандар мен ерекше балалардың ата-аналары қатысты. Кітап авторы Джеймс Партингтон қатысушыларға бейнехабарламада сөз сөйлеп, кітаптың артықшылықтарын және оның оның қазақ тіліне аударылуының маңыздылығын ерекше атап өтті. 

«Болашақ» қайырымдылық қоры менің жұмысымды қазақ тіліне аударып, қазір ол Қазақстанда қолжетімді болғанына қуаныштымын. ABLLS-R әдеттегідей дамып келе жатқан бес жасар баланың деңгейінде баланың дағдыларына толық шолу жасайды. Бұл өте маңызды, өйткені бес жасар баланың көптеген дағдылары бар және ол басқа адамдарға қарап, оларды тыңдап және олармен өзара әрекеттесіу арқылы үйренуге қабілетті. Олар күнделікті тәжірибелер негізінде үйренеді, оларға кейбір нақты дағдыларды үйрену үшін біраз нұсқаулар қажет. Оларда дәрет сындыру, қолын жуу, тамақтану және т.б. қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін өзін-өзі күту дағдылары бар. Сондықтан әдеттегі бес жасар баланың дағдыларына қарасақ, бұл жақсы көрсеткіш, өйткені аутизм диагнозы бар көптеген балалар үшін әдеттегідей дамып келе жатқан балалар оңай үйренетін дағдыларды меңгеру қиынға соғады. Біздің мақсатымыз – осындай балаларға мүмкіндігінше осы құзіреттілік деңгейіне жетуге көмектесу үшін мамандар мен ата-аналарды біріктіру, осылайша біз оларға күнделікті өзара қарым-қатынас жасау арқылы оқып үйренуге көмектесе аламыз» - деді ABLLS-R авторы Джеймс Партингтон.

ABLLS-R деген не?

  • ABLLS-R аутизм және басқа менталдық бұзылыстары бар баланың дағдыларының дамуын бағалау мен бақылаудың жүйесі.
  • ABLLS-R бала дағдыларының даму деңгейін және мінез-құлыққа араласудың басымдықтарын анықтау үрдісін жеңілдету үшін жасалған.  
  • ABLLS-R бағалау құралы екі бөліктен тұрады: Тестілеуді жүргізу бойынша нұсқаулық және Протокол. Протокол баланың дағдыларын бағалау үшін қолданылады, Нұсқаулықта ABLLS-R туралы жалпы мәлімет пен баланы жеке дамыту бағдарламасын (БЖДБ) құрастыру бойынша ұсыныстар баяндалған.
  • ABLLS-R 25 салада баланың дағдыларын бағалауға мүмкіндік береді, оның ішінде: өзара әрекеттесу, визуалды қабылдау, сұрау/өтініш айту, диалог жүргізу дағдылары, дағдыларды жалпылау, әлеуметтік өзара қарым-қатынас жасау, тазалану, дәретхананы пайдалану, интравербал тілі, математика, грамматика, топпен жұмыс істеу және басқалары.
  • ABLLS-R қарым-қатынас жасауға, табиғи ортада оқып үйренуге және күнделікті жаңа тәжірибе алу мүмкіндігі үшін қажетті дағдыларды дамытуға арналған тапсырмалар толық сипатталған

ABLLS-R-дың артықшылықтары қандай?

  • ABLLS-R – баланың жеке дамыту бағдарламасын жасамас бұрын оның психологиялық-педагогикалық профилін егжей-тегжейлі анықтауға мүмкіндік беретін баланың дағдыларын бағалауға арналған 544 дағдыны қамтитын егжей-тегжейлі тестердің бірі.
  • ABLLS-R ата-аналар мен мамандарға функционалдық коммуникацияны қалыптастыруға және күнделікті өмірде жаңа дағдыларды үйренуге кедергі келтіретін мәселелерді анықтауға мүмкіндік береді.
  • ABLLS-R нәтижелері бала дағдыларының даму деңгейін, сондай-ақ қайта тестілеу кезінде оның прогресін жылдам бағалауға мүмкіндік беретін көрнекі схема түрінде беріледі.

Автор туралы

Автор – Джеймс Партингтон, PhD, BCBA-D, лицензияланған психолог, аутизм саласындағы әлемдегі жетекші мамандардың бірі.

Мінез-құлықты қолданбалы талдау саласында көптеген зерттеулердің авторы, танымал ABLLS-R тестілеуінің авторы, қоғамда өз бетінше өмір сүруге сәтті бейімделу үшін қажетті дағдыларды жан-жақты тестілеу AFLS жинағының авторларының бірі. 1988 жылы ДМШ балалардың мінез-құлқын түзету және оларды оқыту бойынша тиімді, ғылыми зерттеулерге негізделген қызметтерді көрсету үшін Behavior Analytics, Inc. компаниясының негізін қалады.

Оның дамуында ерекшеліктері бар балалармен 50 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар. Ол сөйлеу тілі интервенцияларында сараптама жүргізіп мінез-құлықты талдау бойынша халықаралық деңгейде мойындалған көшбасшы.

Джеймс В. Партингтон ата-аналар мен мамандарды білім беру үдерістерін тиімді жүргізу үшін қажетті практикалық, ғылыми дәлелденген процедураларға үйрету жұмысымен танымал.

Ол Америка Құрама Штаттарынан тыс 31 елде жұмыс істеді, оның кейбір басылымдары көптеген тілдерге аударылды. Ол АҚШ Аутизм қауымдастығының кеңес беру кеңесінің мүшесі. (Member of the US Autism Association Advisory Board). Оның мақсаты аутистикалық спектрі бұзылған адамдарға дағдыларды үйрететін немесе үйреткісі келетін ата-аналарға, мұғалімдерге, педагоготер мен басқа мамандарға оқыту үрдісін жеңілдету болып табылады.

👁 291
просмотров

Ұқсас жаңалықтар

Ерекше қажеттіліктері бар 30-дан астам жасөспірім колледждерде кәсіби дайындық бойынша сынамалы жоба шегінде өз оқуларын аяқтады

Астанада «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар жасөспірімдерге арналған оқу-өндірістік комбинаттар» сынамалы жобасының түлектеріне куәлік беру рәсімі өтті....

Астанада аутизм және Даун синдромы бар балалар мен жасөспірімдерге арналған Инклюзивті футбол лигасының тұсаукесеріөтті

Ирландияның футболдан құрама командасының жартылай қорғаушысы Джеймс Макклин мен ағылшын футболшысы Джон О’Кейннің қайндай ортақ тұстары бар...

Disney және Pixar студияларының «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмі Disney-дің тікелей қолдауымен қазақ тіліне дубляждалды!

Естеріңізде болса «Ойжұмбақ» анимациялық фильмінің бірінші бөлімін осыдан 9 жыл бұрын біздің қорымыз қазақ тіліне дубляждаған болатын....

1 2 3 24

БАЙЛАНЫСУ ҮШІН АҚПАРАТ

Қазақстан Республикасы,
Астана қ., Д.Қонаев к. 12/1,
411-офис
Пошта: charityfoundation@bolashak.kz
Телефон: +7 7172 500 618

БІЗ INSTAGRAM-ДА

БІЗ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕРДЕ

Әзірлеуші Санат Досаев

crossmenuchevron-upchevron-down linkedin facebook pinterest youtube rss twitter instagram facebook-blank rss-blank linkedin-blank pinterest youtube twitter instagram