Disney және Pixar студияларының «Ойжұмбақ 2» анимациялық фильмі Disney-дің тікелей қолдауымен қазақ тіліне дубляждалды!

Естеріңізде болса «Ойжұмбақ» анимациялық фильмінің бірінші бөлімін осыдан 9 жыл бұрын біздің қорымыз қазақ тіліне дубляждаған болатын.

📌 Біз «Өзіңнен баста» жобасы негізінде 38 үздік голливуд фильмін қазақ тіліне дубляждадық, оның идеялық бастамшысы – қорымыздың Қамқорлық кеңесінің құрметті мүшесі Бауыржан Байбек.

Жоба 10 жыл бойы 2011-2021 жылдар аралығында бизнес қаражаты есебінен, меценаттардың қолдауымен жүзеге асырылды. Соның ішінде 13 фильмнің дубляжына Айдын Рахымбаев және BI Group компаниясы қолдау көрсетті, сонау 2011 жылы «Алтын Қыран» қорының қаражатына Диснейдің қазақ тіліндегі алғашқы анимациялық фильмі дубляждалған болатын. Сонымен қатар жобаны қолдаған Еуразиялық Топ (ERG), «BAZIS-LUX» ЖШС, «Exclusive Group» ЖШС, «Aytei group» ЖШС, «ACD Group» ЖШС және т. б. компанияларға алғыс білдіреміз!

Бүгінгі күні «Өзіңнен баста» идеясы елімізде қазақ тіліндегі контентке деген сұраныстың жоғары екенін көрсетті. «Ойжұмбақ 2» — Disney компаниясының қаржыландырумен қазақшаға дубляждалған алғашқы фильм.

«Ойжұмбақ 2» 14 маусымнан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілуде. Фильмде көрермен бой жетіп қалған Райлимен қайта қауышып, жаңа эмоциялармен танысады.

Біз жобаның жалғасып жатқанына өте қуаныштымыз және баршаңызды қазақ тіліндегі прокатты қолдауға және бүкіл отбасыңызбен «Ой Жұмбақ 2» анимациялық фильміне баруға шақырамыз.

10 жыл ішінде «Болашақ» қоры демеушілердің қолдауымен балалар мен отбасылық көрсетілімге арналған 38 фильмді қазақ тіліне дубляждады

10 жыл ішінде «Болашақ» қоры демеушілердің қолдауымен балалар мен отбасылық көрсетілімге арналған 38 фильмді қазақ тіліне дубляждады 

«Болашақ» қоры 10 жыл ішінде демеушілердің қолдауымен қазақ тіліндегі әлемдік анимациялық және көркем фильмдер жауһарларының «алтын қорын» құрды. 

Дүниежүзінің үздік киностудияларының отбасымен көруге арналған 38 фильмі халықаралық дубляж стандарттарына сай қазақ тіліне дубляждалған.

Фильмдерді қазақ тіліне дубляждау бойынша «Өзіңен баста» жобасы 2011 жылдан бастап әрбір қазақстандықтың бос уақыт пен ойын-сауық саласында тілді еркін таңдау құқығын жүзеге асыруға ықпалын тигізіп келеді. Ал қазақ тіліне дубляждалған фильмдердің халықаралық стримингтік платформаларда болуы, әлемдік киноиндустрия алпауыттарымен ынтымақтасу қазақ тілін халықаралық деңгейге шығарып, қазақ тілінің шетелде танылуына оң әсерін тигізді.

Жобаның арқасында 100-ден астам қазақстандық актер Disney компаниясының дауыстар базасына кірді. Ал қазақ тілі Шығыс Еуропа және ТМД елдері үшін шығарылатын Blu-Ray-де көруге қол жетімді голливудтық фильмдердің негізгі 7 тілінің бірі болды. Қазақ тіліндегі әсем саундтректер Itunes-те, Youtube-та, vk-да, Yandex-те, Apple Music-те және Воом-да жарияланды. Дубляж саласының 203 шығармашылық және техникалық маманы әлемдік студиялармен жұмыс істеуге мүмкіндік алды.

«Өзіңен баста» жобасына дем беруші – «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің Құрметті мүшесі, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.

 «Энканто» жаңа музыкалық фэнтези фильмі – талантты режиссёрлер Байрон Говард пен Джаред Буш түсірген Disney студиясының 60-шы фильмі. «Аңдар шаһары», «Вольт», «Мұзды өлке 2» және т.б. сияқты әйгілі анимациялық фильмдер де олардың қол астынан шыққан. Фильм саундтректерін көрермендердің көкейінен шыққан «Моана» және «Коконың құпиясы» фильмдерінің керемет әндердің авторлары жазған.

Голливуд киностудияларының фильмдері «Болашақ» корпоративтік қоры және «Меломан» компаниясының бастамасымен дубляждалуда. Осы жылдар бойы жоба отандық бизнестің қолдауы арқасында жүзеге асырылып келе жатыр. Демеушілер мен меценаттардың бей-жай қалмауы миллиондаған қазақстандықтарға сүйікті кейіпкерлерін ана тілінде тыңдауға мүмкіндік берді. 10 жылдан бері белсенді демеушілердің бірі «BI Group» компаниясы және «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің мүшесі Айдын Рахымбаевтың өзі болды. «Энканто» – BI Group құрылыс холдингінің демеушілік қолдауымен дубляждалған 13-ші фильм.

Қазақстан кинотеатрларында «Энканто» 25 қарашада қазақ және орыс тілдерінде шығады. Ал кейін IVI және Megogo онлайн-кинотеатрларында қазақ тілінде көруге болатын шетел фильмдер топтамасын толықтырады.

Премьера алдында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында «Nur Otan» партиясы мен «Kinopark» компаниясының қолдауымен «Энканто» фильмінің қазақ тіліндегі алдын ала көрсетілімдері өтті. Іс-шараға «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің Құрметті мүшесі, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Болашақ» Қауымдастығының мүшелері, BI Group компаниясының өкілдері, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, блогерлер, журналистер, медиа-тұлғалар және басқалар қатысты.   

 Дубляждалған фильмдер – жас қазақстандықтарды ана тілін үйретуге тамаша көмекші. Миллиондаған қазақстандық балалар өздерінің сүйікті кейіпкерлерімен ана тілінде сөйлесе отырып, күнделікті өмірде қазақ тілін белсендірек пайдаланады. Мемлекеттік тілді ел ішінде және шетелде қолдау мен ілгерілетуді мемлекет емес, қоғамдық ұйым жүзеге асырып жатқан «Өзінен баста» – әлемдегі бірден-бір прецедент.

«Биыл «Болашақ» қорына 10 жыл және «Өзіңнен баста» фильмдерді дубляждау жобасына 10 жыл толды. Бизнестің және демеушілік қолдаудың арқасында біз 10 жыл бойы Қазақстан азаматтары үшін кинотеатрларда қазақ тіліндегі киноға тең қолжетімділік жасап келеміз. Біз соңғы жылдары және осы күнге дейін жобаны балалар мен ересектерге арналған мемлекеттік тілде сапалы мультимедиялық контент құру жөніндегі ұлттық саясаттың бір бөлігіне айналдыру үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Еліміз Тәуелсіздігінің 30 жылдығында мемлекет атынан ҚР Үкіметі кинотеатрларда және қазақ тіліндегі контентке тең қолжетімділікті қамтамасыз етуді өз мойнына алғаны, ал келесі жылдан бастап фильмдерді қазақ тіліне дубляждау мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылатыны бізді қуантады», - деп атап өтті «Болашақ» корпоративтік қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шәйжүнісова.

Дубляж актерлері 

«Энканто» фильмінің кастингіне Нұр-Сұлтан мен Алматыдан 60 актер қатысты. Дубляжға алғаш рет талантты әнші, «Славянский базар-2017» фестивалінің дипломанты Ayree қатысты. Сонымен қатар дубляжға белгілі актриса әрі тележүргізуші Айгүл Иманбаева, жобаның тұрақты қатысушысы «RinGo» тобының солисі Данияр Өтеген, сондай-ақ дубляж жасаушылар: Назерке Серікболқызы, Жарқынай Ханайым, Рустем Жаныаманов және т.б. қатысты.

Дубляж ерекшеліктері

Өздеріңіз білетіндей, дубляж жасау кезінде ағылшын тіліндегі мәтін қазақ тіліне жай ғана аударылып қоймай, бейімделеді: түпнұсқа кейіпкерлеріне өзіне тән сөздер, әзілдер сөзбе-сөз емес, ұлттық мәдениеттің ерекшеліктерін ескере отырып аударылады. Мысалы, «Энканто» фильміне дубляж жасау кезінде мағынасын айқын жеткізу үшін «Анандай адамдардың арасында өзіңді анандааааай сезінесің», «Өлгенский», «Кет, кет, бәле кет!», «Алас, алас, бәледен алас» және тағы басқа танымал әзілдер қолданылды.

Дубляж актерлік ойыннан оңай емес, ал кішкентай бөлмеде, қолдаусыз және көрермендермен байланыссыз ойнауға тура келгенде тіпті қиын. Долданып тұрған дауылдан сөйлей алмай жатқан кейіпкер көрінісін «RinGo» тобының солисі Данияр Өтеген бір аяқта тұрып жазған.   

Синопсис

Ғажайып Мадригал отбасы Колумбия тауларында жасырылған, Энканто деп аталатын керемет және сүйкімді жерде орналасқан сиқырлы үйде тұрады. Бұл жердің сиқыры Мадригалдар әулетіндегі әрбір балаға ерекше қасиет сыйлайды: алпауыт күш болсын, тіпті емдеу қабілетіне болсын. Өкінішке орай сиқыр жас Мирабелге ғана бұйырмай қалды. Энканто сиқырына қауіп төніп тұрғанын білген Мирабель өзінің ерекше отбасын құтқаруға жалғыз үміт өзі ғана шығар деп ұйғарады.

Қазақ тіліндегі трейлер: https://youtu.be/ac1lJ5ajqq8.

Түркістан қаласында Pixar студиясның «Жан» фильмінің қазақ тіліндегі қайырымдылық көрсетілімі өтті

9 қазанда Түркістан қаласында «Khanshaiym Plaza» СОО-дағы Kinopark 4 кинотеатрында қазақ тіліне дубляждалған «Жан» («Душа») фильмінің қаланың көп балалы және аз қамтылған отбасыларының балалары үшін қайырымдылық көрсетілімі өтті. Көрсетілім алдында аниматорлардың қатысуымен, кішкентай көрермендерге арналған тәттілер, ойындар мен конкурстар өткізілген ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылған. Көрсетілімнің ұйымдастырушылары – «Болашақ» корпоративтік қоры мен «Nur Otan» партиясы.

Фильмдерді қазақ тіліне дубляждау бойынша «Өзіңнен баста» жобасы «Болашақ» қорының Қамқоршылар кеңесінің құрметті мүшесі, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары, осы жобаға дем беруші Бауыржан Байбектің белсенді қатысуымен және қолдауымен жүзеге асырылады. 2011 жылдан бастап Қазақстан кинотеатрларында Disney, Pixar, Marvel, Sony Pictures және т.б. жетекші әлемдік киностудиялардың қазақ тіліне дубляждалған 37 фильмі көрсетілді. Фильмдердің басым бөлігі – Disney, Pixar, Sony Pictures студияларының балаларға арналған анимациялық туындылары. Қараша айында прокатқа қазақ тіліне дубляждалған «Энканто» фильмі шығады. «Жан» фильмінің дубляжының демеушісі BI Group компаниясы болды.

Іс-шараға «Болашақ» қорының Қамқоршылар кеңесінің Құрметті мүшесі, «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Азамат Божаков және т.б. қатысты.

«Биыл «Болашақ» қорына 10 жыл және «Өзіңнен баста» фильмдерді дубляждау жобасына 10 жыл толды. Бизнестің және демеушілік қолдаудың арқасында біз 10 жыл бойы Қазақстан азаматтары үшін кинотеатрларда қазақ тіліндегі киноға тең қолжетімділік жасап келеміз. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобының белсенді қатысушысы ретінде Қор бірқатар ұсыныстар, оның ішінде шетелдік балалар контентін және отбасымен көруге арналған фильмдерді дубляждауға мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету бөлігінде ұсыныстар берді. Біз жылына шамамен 15 фильм туралы айтып отырмыз. Анимациялық фильмдер мен отбасымен көруге арналған фильмдердің дубляжын қамтамасыз етудегі мемлекеттік қолдау «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы іс-шараларының бір бөлігі болды. Жақын арада отбасымен көруге арналған шетелдік мультфильмдер мен фильмдер міндетті түрде қазақ тіліне дубляждалады деген үміттеміз», - деп атап өтті «Болашақ» корпоративтік қорының директоры Азамат Божаков.   

Ағымдағы жылдың қаңтар айында үлкен экрандарға шыққан «Жан» фильмі ізденістегі адам жанының қызықты саяхаты туралы баяндайды. Авторлар адам жанын кейіптеген, олардың ойы бойынша адам жандары кейін адамдарға шабыт беру үшін Жандарды даярлау орталығында жаттығады.

Басты кейіпкер Джо Гарднерді жобаның көптен бері қатысушысы, дарынды актер Дәурен Серғазин дыбыстады. Бұған дейін Дәуреннің дауысымен «Алладин» фильміндегі Жын, «Арыстан патша» фильміндегі сурикат Тимон және Дисней студиясының басқа танымал кейіпкерлері сөйлеген болатын. Сонымен қатар дубляжға Данияр Сванкулов, Меруерт Ермекбаева, сондай-ақ театр және кино актрисасы Майра Омар қатысты.

Дубляж жасау кезінде ағылшын тіліндегі мәтін қазақ тіліне жай ғана аударылып қоймай, бейімделеді: түпнұсқа кейіпкерлеріне өзіне тән сөздер, әзілдер сөзбе-сөз емес, жергілікті мәдениеттің ерекшеліктерін ескере отырып аударылады. Мысалы, диалогтардың бірінде кейіпкер АҚШ-тағы әйгілі доктор туралы айтады. Бұл есім біздің көрерменге таныс болмағандықтан, оның есімі белгілі қазақстандық Димаш Құдайбергеннің есімімен алмастырылды.

Титрдегі «Өмір ғажап» әнін Mona Songz деген атпен аты шыққан қазақстандық танымал орындаушы Манарбек Жұматай орындады. Бұл әртістің жобаға қатысуының алғашқы тәжірибесі болды.

Анықтама

Голливуд фильмдерін қазақ тіліне дубляждау «Өзіңнен баста» жобасы аясында жүзеге асырылады. Жоба «Болашақ» қорының Қамқоршылар кеңесінің Құрметті мүшесі Бауыржан Байбектің бастамасымен 2011 жылдан бері іске асырылып келеді. Жоба әлеуметтік жоба болып табылады және коммерциялық мақсаттарды көздемейді.

Негізгі идея – Қазақстан азаматтарының әлемдік студиялардың контентіне өз ана тілінде қол жеткізуін қамтамасыз ету. Барлығы 37 голливудтық фильм қазақ тіліне дубляждалған.

Жобаның арқасында бүгінгі таңда 100-ден астам отандық актерлердің дауысы «Walt Disney Pictures» дауыстық базасында тіркелген. Ал қазақ тілі дубляж бойынша түрік тілінен кейінгі екінші түркі тілі және «Walt Disney» тарихында 39-шы; «Sony Pictures»-тің 7-ші тілі атанды. Ол Шығыс Еуропа мен ТМД елдеріне арналған Blu-Ray-де көруге болатын Голливуд фильмдерінің негізгі 7 тілі қатарына енді. Жоба Қазақстанда дубляжды халықаралық деңгейге шығарды. Шығармашылық және техникалық мамандықтардың 203 өкілі «Walt Disney Pictures» студиясының стандарттары бойынша дубляжға оқытылды.

Дубляждалған фильмдер IVI және Megogo онлайн кинотеатрларында қол жетімді.