"Моана" мультфильмі, қазақ тіліндегі трейлер

Дисней студиясының толықметражды «Моана» мультфильмінің қазақ тілінде трейлері жарық көрді. Мультфильмнің тұсаукесері 2016 жылдың 1 желтоқсан күніне жоспарланған.
Мультфильмнің басты кейіпкерлеріне өз дауыстарын Лидия Кәден, Назерке Серікболова, Мақпал Исабекова, Бүркіт, Жәнібек Мұсаев және Сырым Қашқабаев сынды Қазақстан әншілері мен актерлері сыйлады.
Еске сала кетейік, «Моана» – 2016 жылдың «Болашақ» Корпоративтік қорымен қазақ тіліне дубляждалған Дисней студиясының 3-кинотуындысы, ал 2011 жылдан бері дубляждалған 16-фильм. Моана – Диснейдің жаңа ханшайымы, Туи көсемінің қызы, 14 жасар арманшыл қыз. Ол досы – жартылай құдай Мауимен бірге шексіз мұхитқа сапарға аттанады. Оқиға желісі 2000 жыл бұрын Тынық мұхиты аралдарында өрбиді. 
Қазақ тіліндегі дубляж режиссері Рита Әбішева, жобаның музыкалық жетекшісі – Күнімгүл Борамбаева.
«Моана» 1 желтоқсаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында!

Жоба ұйымдастырушылары: «Marwin» компаниясының қолдауымен «Болашақ» Корпоративтік қоры.
Жоба демеушісі: «АCD Group» ЖШС.
Анықтама:
Ағылшын тіліндегі нұсқасын дайындаған әртістердің ішінде – жасөспірім актриса Аулии Кравалхо бас кейіпкер Моананы дыбыстайды, ал Дуэйн Джонсон жартылай құдай, жартылай адам – ұлы Мауиге өз дауысын сыйлайды. 
Сонымен қатар, мультфильмнің ағылшын тіліндегі нұсқасында Джемейн Клемент (тәкәппар 15-метрлік шаян Таматоаның дауысы), Рэйчел Хаус (теңдессіз Тала әжейдің дауысы), Темуэр Моррисон (мәртебелі көсем Туидің дауысы), Николь Шерзингер (Моананың анасы Синаның дауысы) сынды керемет актерлердің дауыстарын естуге болады.